Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапары аяқталған Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёльге құрмет көрсетіп, елорда әуежайынан шығарып салды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Айта кетейік, кеше, 12 маусым күні Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёльді қарсы алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Юн Сок Ёль шағын құрамда және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Юн Сок Ёль Корея мен Орталық Азия елдері ынтымақтың жаңа жолын табуға ұмтылатынын айтты.
Қазақстан Президенті Кореяның K-Silk Road тұжырымдамасына қолдау білдірді.
Корея мен Қазақстан сирек кездесетін металдар өндірісі саласындағы серіктестікті дамытатын болды.
Сондай-ақ Қазақстанда оңтүстіккореялық көліктердің бөлшектері өндіріледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Оңтүстік Кореяға шикізат пен материал жеткізетін сенімді серіктесі болатынын жеткізді.
Оңтүстік Корея Қазақстанға «ақылды ферма» технологиясын ұсынды.
Қазақстан мен Корея 11 маңызды құжатқа қол қойды. 2024 жылғы 12 маусымда екі мемлекет басшылары Астана қаласында келіссөз жүргізді.
Достық атмосферада өткен келіссөздердің барысында тараптар 1992 жылы дипломатиялық қатынастар орнаған кезден бері екіжақты қатынастардың даму динамикасына жоғары баға берді.
Тараптар өзара қызығушылық тудыратын халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша пікір алмасты, сондай-ақ екіжақты практикалық бағыттағы ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылады.
Саяси ынтымақтастық: диалогты нығайту
- Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы маусымда Корея Республикасы жариялаған «K-Silk ROAD» Корея Республикасының Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығы бойынша алғашқы стратегиясын қолдады. Осы бастаманы іске асыру бойынша тығыз ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
- Тараптар «Орталық Азия — Корея Республикасы» форумы аясындағы ынтымақтастықтың оң динамикасын атап өтті. Тараптар Корея Республикасының Орталық Азия мемлекеттерімен екіжақты және көпжақты жобаларын ілгерілету үшін сындарлы өзара іс-қимылды жалғастыруға ниетті.
Екі елдің мемлекет басшылары кейіннен «Орталық Азия — Корея Республикасы» ынтымақтастық форумын дамыту бойынша бірлесіп жұмыс істеуге келісті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Юн Сок Ёльдің 2025 жылы «Орталық Азия — Корея Республикасы» саммитін өткізу жөніндегі ұсынысын құптады.
- Тараптар екі елдің де ядролық қарусыздануға, оны таратпауға, ядролық энергетиканы бейбіт мақсатта пайдалануға қосқан үлесін атап өтті және ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуға дайын екендіктерін білдірді.
Тараптар Атом қуаты халықаралық агенттігі (бұдан әрі — АЭХА) шеңберінде егеменді теңдікті толық қалпына келтіру үшін бірлесіп күш-жігер жұмсауға келісті. Корея Республикасы Қазақстан Республикасының АЭХА Қиыр Шығыс тобына кіруі оның АЭХА Басқарушылар кеңесіндегі мәртебесіне және онымен байланысты мүдделеріне ықпал етпейтін жағдайларда, Қазақстан Республикасының АЭХА Қиыр Шығыс тобына кіруіне қолдау білдірді.
- Тараптар Ядролық қаруды таратпау туралы шартты (NPT, Nuclear Nonproliferation Treaty), Биологиялық қару туралы конвенцияны (BWC, Biological Weapons Convention) және Химиялық қару туралы конвенцияны (CWC, Chemical Weapons Convention) қоса алғанда, халықаралық ядролық қаруды таратпау режимін нығайту мақсатында ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.