«Бірінші байлық — денсаулық» деп ата- бабамыз тегін айтпағаны рас. Осы орайда әр адам өз денсаулығына дұрыс мән беріп, денсаулығын күту мәдениетін қалыптастыруға назар аударғаны дұрыс,- дейді ақ халаттылар. Расында бас ауырып, балтыр сыздаса баратын жер, қағатын есігіміз аурухана есігі екені белгілі. Шымкентте ауқымды іс атқарып жатқан медицина мамандары күрделі отаның өзін күнделікті жасап жүр. Алдына келген науқасқа жаңа өмір сыйлағанын көргенде мемлекеттің медициналық мәртебесі һәм кеселді емдеу деңгейі көтерілгенін бірден байқауға болады. Бұрынғыдай шешімі жоқ екен деп шекара асып, шетелге сандалып жүрмейді. Шымкенттік мамандардың біліктілігі артып, түрлі заманауи әдіс пен технологияларды терең меңгерген.
Статистикаға сүйенсек, үшінші мегаполис саналатын Шымкентте халық саны 1 млн 234 мыңды құраса, 18 жасқа дейінгі балалар саны 470 мыңға жуықтаған. Өткен жылғы ресми дерекке сүйенсек, денсаулық сақтау саласындағы медицина қызметкерлерінің саны 15 мыңнан астам адамды құрайды екен. Оның 5 мыңға жуығы дәрігер, 10 мыңнан астамы орта медицина қызметкерлері. Соңғы жылдары Шымкентте денсаулық сақтау саласында оң өзгеріс байқалады. Шаһардағы емхана, ауруханада қызмет сапасын көтеруде көптеген шарала іске асып келеді.
Шымкент қаласы бойынша соңғы 3 жылда атқарылған жүйелі іс-шаралардың нәтижесінде ана мен бала өлімі азайған. Нәресте өлімі 19,3, ана өлімі 80,4 пайызға төмендеген. Ал соңғы жылдары бірде-бір ана өлімі тіркелмеді. Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Сәуле Дүйсенбаеваның айтуынша, бұл көрсеткіштерге босандыру ұйымдарының материалдық-техникалық базасының жақсаруы мен мамандарды шет елдерде оқытып, тәжірибе алмасуы септігін тигізген Бұдан өзге, балаларды күту қызметінің 425 маманы республикалық орталықтар мен жоғары оқу орындары профессорларының және шетелдік клиникалардың қатысуымен оқытылса, 25 маман Израиль мен Түркия клиникалары базасында білімін шыңдап келген екен.
Ал, жоғары санатты қалалық балалар клиникалық ауруханасы мамандарды оқыту, сонымен қатар мекемеде жоқ медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және ауруханада жоқ бейіндерді ашу бойынша жоспарларын биыл сәтті аяқтаған.
Расында шаһардағы медицина саласы жыл сайын дамып жатыр. Оған дәлел соңғы 3 жылдағы статистикалық көрсеткіш болып отыр. Мәселен соңғы үш жылда балалар ауруханасының құрал-жабдықпен қамтамасыз ету көрсеткіші 75 пайыздан 94 пайызға дейін артқан. Бұл ана мен бала денсаулығына көңіл бөлініп жатқанын айқындайтын көрсеткіштің бірі деп атап өтуге әбден болады. СОнымен қатар осы күнде шаһарда барлық педиатриялық көмек бір орталыққа біріктіріліп, мамандар жұмылдырылған. Ал қабылдау бөліміне тәулігіне 450-500 бала медициналық көмекке жүгініп, күніне 450-495 науқас стационарлық көмек алады екен. Сонымен қатар мекемеде тәулігіне 27-30 ота жасалатын көрінеді.
Айта кетсек, шаһарда туберкулезден болатын өлім-жітім де төмендеді. Сапалы және уақтылы медициналық қызмет көрсету мақсатында қаладағы 31 медициналық ұйым аккредиттеуден өткен. Биыл тағы да 23 медициналық ұйымды аккредиттеуден өткізу жоспарланып отыр. Бұл бірінші кезекте емханаларда жұмыс істейтін медициналық қызметкерлердің біліктілігін анықтап, кәсіби шеберлігін жоғарылату үшін керек. Сондай-ақ, 66 медициналық ұйымы есептік жүйелері медициналық ақпараттық жүйесімен интеграцияланды. 21 ұйымның дәріханасы GPPстандартына сәйкес сертификатталған. Осынау жетістіктерді саралай келе жалпы мегаполис медицинасының жеткен жетістігі ауыз толтырып айтарлықтай деуге толық негіз бар. Шымкент тек медицинасымен ғана емес, фармацевтикасымен де елімізге танымал. Ағза ауыстыру, яғни трансплантология бойынша да үлкен тәжірибесі бар.
Шымкентте ана мен бала денсаулығы басты назарға алынған. Статистикаға сәйкес, бүгінде ана мен баланың өлім-жітім көрсеткіші 9,3 пайызға азайып отыр. Сонымен қатар онкологиялық аурумен ауыратындардың өмір сүру ұзақтығы ел бойынша 47 болатын болса, енді бұл көрсеткіш 51-ге жетіп отыр. Қуантарлығы өткен жылы Шымкентте ана өлімі тіркелмеді.
МЕДИЦИНАЛЫҚ ТУРИЗМ ДАМЫП КЕЛЕДІ
Жуырда Шымкенттегі №2 қалалық аурухана базасында нейрохирургиялық орталық ашылған болатын. Бұған дейін мұндай орталық №1 қалалық ауруханада ашылған болатын. Бұл орталықтар ауыр нейрохирургиялық дертке шалдыққан науқастарға стационарлық көмек көрсетуге бағытталған. Осыған дейін пациенттер тиісті қызметтерді алу үшін еліміздің өзге аймақтарына, қаладағы медициналық ұйымдарға барып, уақыт өткізіп келетін еді. Бұдан былай бас-ми жарақаты бар, түрлі ауыр дертке шалдыққан нейрохирургиялық көмекті қажет ететін науқастар үшінше мегаполисте ашылған орталықта тәулік бойы қабылданады. Бұдан бөлек, мұнда арнайы оқу орталығы да ашылған. Мұнда резиденттер, отандық және шет елдердің нейрохирургтері білім алып жатыр. Айта кетейік, жыл басынан бері №2 аурухана базасында 150 нейрохирургиялық ота жасалды. Күрделі оталар Өзбекстан, Тәжікстан, Молдова, Швейцария елдерінен келген науқастарға да жасалған. Бұл тұрғыда Шымкентте медициналық туризмнің дамып келе жатқанын атап өткен жөн. №2 қалалық аурухана базасында ашылған нейрохирургиялық орталықта медицина ғылымдарының докторы, белгілі нейрохирург, тек қала емес, Қазақстанға мақтанарлық дәрігерз Еркін Медетов секілді өте білікті маман бар. Орталық базасының жанынан ашылған оқу орталығында түрлі шеберлік сабақтары өткізіліп келеді. Айта кеткен жөн, қалада тек нейрохирургия емес, онкология және басқа да бағыттар бойынша білікті мамандар қатары көп. Олар өзге өңірлерге ғана емес, шет елге де барып, операция жасап жүр.
БІР КҮНДІК КЛИНИКА ЖОБАСЫ ТАЛДАУДЫ 30 МИНУТТА АНЫҚТАЙДЫ
Үшінші мегаполисте қалалық перинаталдық орталықта «Бір күндік клиника» жобасы жүзеге асып отыр. Бұдан былай жүктілікті жоспарлап жүрген аналар алдын-ала анализ тапсырып, денсаулығын тегін тексертуге мүмкіндік алып отыр. Ана мен бала денсаулығы басты назарда. Бұл жоба дені сай ұрпақ қатарын арттыруға сеп болмақ. Аталған жаңашылдықтың ерекшелігі болашақ аналар сәбидің саулығын бақылау үшін айлап, апталап медициналық зерттеудің талдауын күтпей, талдаудың нәтижесін 30-40 минутта анықтай алады. Атап өту керек, шаһарда бала туу көрсеткіші жыл санап көтеріліп келеді. Республика бойынша балалардың 40,6% -ы, яғни жартысына жуығы Шымкентте тұрады. Өткен жылдың өзінде қалада 30 мыңнан аса жүкті әйел тіркеліп, 31 мыңдай сәби дүние есігін ашқан болатын. Шымкентте әр 15 минут сайын 1 бала өмір есігін ашады. Міне, осы тұрғыдан келгенде аталған пилоттық жобаның Шымкентте ашылғандығы қуантып отыр.