Үшінші мегаполис – кәсіпкерлер қаласы. Бүгінде Шымшаһарда шағын және орта кәсіпкерлік субъекті саны 130 мыңнан асып, жұмыспен қамтылған көрсеткіш саны 214 мың адамға жеткен. Ал өндірілген өнім көлемі 517,8 млрд теңгені құрап, жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 50 пайыздан асып отыр. Бұл қуантарлық көрсеткіш болғанымен, оны одан әрі жоғарылатуға мемлекет тарапынан белгіленген бағдарламалар үлесін қосуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы сәуірде кәсіпкерлердің құқығын қорғауды жандандыру жөнінде тапсырма берген еді. Президент сондай-ақ әкімшілік кедергілерді анықтау және оларды жою шараларын әзірлеу, отандық кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы орта қалыптастыру мәселелерін үнемі назарда ұстайды. Айта кету керек, үшінші мегаполисте бұл бағытта тұрақты түрде жұмыс жүргізіледі.
Бүгінде Шымкент қаласында кәсіпкерлікті қорғау саласында 1 012 кәсіпкердің құқығы қорғалып, 6 әкімшілік кедергі жойылды, 13 лауазымды тұлға түрлі жауаптылыққа тартылған екен. Шымкент қаласы прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының бастығы Бақытжан Байғозиевтің сөзінше, жүргізілген талдаумен «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы «SHYMKENT» АҚ-мы кәсіпкерлермен бірлескен қызмет туралы шарттар бойынша шарттық міндеттемелерді бұзғаны үшін түрлі айыппұлдар қолданылған.
«Қадағалау актісі бойынша кәсіпкерлердің құқықтарын бұзғаны үшін сотпен ӘҚБтК 159-бабы 3-1-бөлігі бойынша Қоғам әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 104,7 млн теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар, 900-ден астам кәсіпкердің ветеринариялық-санитариялық сараптама зертханаларында жануарлардан алынатын өнімдерді қайта сараптау тәжірибесі тоқтатылды. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөніндегі білім беру басқармасының конкурстық комиссиясының заңсыз шешімінің күші жойылып 100 кәсіпкердің құқықтары қорғалды. Кәсіпкердің қызметіне заңсыз араласқаны үшін салық органының басшысы ӘҚБтК-тің 173-бабымен әкімшілік жауаптылыққа тартылды», — деді Бақытжан Байғозиев.
«SHYMKENT- INVEST» ФРОНТ ОФИСІНІҢ АШЫЛУЫ: ИНВЕСТОРЛАРДЫ ҚОЛДАУ АРТАДЫ
Жуырда ашылған “Shymkent Invest” фронт-офисінің ашылуы инвесторлардың артуына сеп болмақ. Мұнда инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын жергілікті және шетелдік инвесторларға жоба идеясы басталғаннан пайдалануға берілгенге дейін қолдау шараларымен қатар экспорттау, дамуды қаржыландыру бойынша қызметтер көрсетіледі. Ең бстысы инвесторлар тарту және оларды қолдауға қатысты мемлекеттік қызметтер «бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асырылатын болады. Бүгінде елімізде инвесторлар үшін барлық жағдай жасалған, сонымен қатар шаһарда Мемлекет басшысының жарлығымен инвестициялық штаб құрылған.«Shymkent Invest» ЖШС қала әкімінің бастамасымен құрылған. Енді «Shymkent Invest» ЖШС мен Шымкент қаласының прокуратурасы арасындағы ынтымақтастық аясында инвесторлардың проблемалық мәселелерін шешу мақсатында кеңсеге тұрақты түрде инвесторларға тікелей қолдау көрсететін прокуратура қызметкері бекітілді.
ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ –КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ САНЫН АРТТЫРУҒА ҮЛЕС ҚОСАДЫ
Шымкентте жыл сайын мемлекеттік бағдарма шарапатын көріп, кәсіп ашып, өз ісін дөңгелетіп әкетіп жатқан кәсіпкерлер саны артып келеді. Кәсіп иелері бос жұмыс орындарын ұсынып, жұмыссыздарға екі қолға бір күрек табуға көмек қолын созуда.
Бұл қолдауға еңбекке қабілетті мүгедектігі бар адамдар, қандастар, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасылар, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алатын отбасылар тарапынан өтінімдер түсті. Қатысушылардың жұмыссыздыққа тіркелген немесе тіркеу мерзімі 3 жылға дейінгі жеке кәсіпкер болуы керек. Сонымен қоса, үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқығаны туралы мерзімі үш жылдан аспайтын сертификаты болуы шарт. Комиссия отырысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін әлеуметтік желілердегі ресми парақшалар арқылы тікелей эфир ұйымдастырылып, қала тұрғындары жұмыс барысына қоғамдық бақылау жасады.
Айта кеткен жөн, жұмыссыздық деңгейін төмендетудің бірден-бір жолы – ол азаматтарды кәсіпкерлікпен айналысуға бағыттау, яғни жаңа бизнес идеяларды іске асыру болып табылады. Осы бағытта 2019 жылдан бастап халықтың осал тобына жататын азаматтарға қайтарымсыз негізде грант беріліп келеді.
Шымкент қаласында биыл екі лек негізінде 426 адамның кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында қайтарымсыз грант беру жоспарланған. Алғашқы лек бойынша 20-31 мамыр аралығында өтінімдер қабылданған.
Бүгінде Кәсіпкерлер палатасы тарапынан, жергілікті атқарушы және құзырлы-бақылаушы органдармен бірге кәсіпкерлік субъектілерінің заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау, инвестициялық жобаларға барынша қолдау жұмыстары да іске асырылып жатыр.
Нақты айтқанда жыл басынан бергі 5 айда Палатаға бизнестің құқығын қорғау бойынша 66 өтініш келіп түсіпті. Ал өткен жылы тиісті мерзім аралығында 51 өтініш түскен болатын. Биыл сол өтініштердің 21-і оң шешімін тауып, 109 миллион теңгеден астам бизнестің құқығы қорғалды. Осы орайда Палатаның құқықтық блогы экономикалық және әлеуметтік блоктармен бірге тығыз жұмыс істеп, қажет болған жағдайда құқықтық-кеңестік көмекті де беруге дайын!