Еуропа Одағының астанасында Саясат және қауіпсіздік мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі кезекті 11-ші диалог шеңберінде өңірлік қауіпсіздікті нығайту, өңіраралық ынтымақтастық саласындағы өзекті мәселелер және халықаралық күн тәртібіндегі негізгі тақырыптар талқыланды.
Диалогқа Орталық Азия елдері Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары және Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметі (ЕСІҚҚ) Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Энрике Мора қатысты. Қатысушылар Орталық Азия мен ЕО арасындағы өзара іс-қимылды тереңдету бойынша бірлескен Жол картасын іске асыру барысын, көлік, сауда-экономикалық және энергетика мен климат бойынша ынтымақтастықтың серпінін, сондай-ақ Ауғанстандағы жағдайға байланысты ортақ қауіпсіздік сын-қатерлердің алдын алуды талқылады.
Өз сөзінде ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко тараптарға ЕО-мен өңіраралық өзара іс-қимыл саласындағы бірқатар бастамаларды ұсынды. Оларды іске асыру энергетика, сауда және су ресурстарын басқару саласындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін әкеле алады. Ол Қазақстанның алдағы үш жылдық төрағалығы аясында Аралды құтқару жөніндегі халықаралық қордағы (ХАҚҚ) басымдықтарына жеке тоқталып, Арал теңізі бассейні экожүйесінің тұрақты мониторингі бағдарламасын және Арал мәселесі бойынша ұзақ мерзімді өңірішілік өзара іс-қимыл тетігін құру жоспарын атап өтті.
Осы ретте, ол тараптарды тиімді суару, су-энергетикалық объектілердің жұмысы және экологиялық шаралар саласындағы күш-жігерді үндестіруге шақырды. Р.Василенконың сөзінше, бүгінде Орталық Азия және ЕО серіктестік құралдарының кең спектріне қол жеткізген. Атап айтқанда, салалық диалог алаңдары, сенімді саяси қарым-қатынас және құқықтық-институционалдық құралдар сауда, көлік, экспорт, энергетика, шекаралық аудандарды дамыту және т.б. бағыттарда жаңа сапалық көрсеткіштерге қол жеткізуге жол ашады.
«Бұған Орталық Азия елдері арасындағы мемлекетаралық саяси диалогтың серпіні, өңірдегі экспорттық-импорттық операциялардың жоспарлы ұлғаюы және Орталық Азияның экономикалық келбеті мен мүмкіндіктерін өзгертетін ірі өңірлік жобалардың құрылуы да жағымды ықпал етеді», — деп атап өтті дипломат.
Ол Қазақстан 2024 жылы Орталық Азия мемлекеттері басшыларының 6-шы Консультативтік кездесуіне белсенді дайындалып жатқанын, онда өңірдің халықаралық субъектілігін нығайтуға бағытталған ынтымақтастық басымдықтары ұсынылатынын, бұл, өз кезегінде, ЕО-мен өңіраралық ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін кеңейтетінін хабарлады.
Қазақстандық дипломат сондай-ақ Орталық Азия елдері Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының 2024 жылғы мамырда Қазақстан Президентімен алғашқы кездесуінің қорытындылары туралы қысқаша ақпаратпен бөлісіп, бұл кездесу болашақта өңірдегі сын-қатерлердің алдын алу үшін күш-жігерді біріктіру және ден қою шараларын әзірлеу үшін тиімді алаңға айналуы мүмкін екенін айтты.
Өңіраралық ынтымақтастық контекстінде білім беру бағдарламаларының, адами капиталды дамытудың және кәсіби байланыстардың маңыздылығын атап өте келе, ол «Еуропа Колледжі» қабырғасында ОА дипломаттары мен мемлекеттік қызметшілерін қайта даярлау курстарының бірінші ағынын тамаша ұйымдастырғаны үшін еуропалық тарапқа алғыс білдірді.
Энрике Мора Орталық Азия мен ЕО арасындағы ынтымақтастық үдемелі дамып келе жатқанын және тараптар Орталық Азия және ЕО арасындағы ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі Жол картасын іске асыруға кіріскенін атап өтті.
Ол Орталық Азия аймағының климаттың өзгеруіне байланысты үлкен экологиялық проблемалармен, сондай-ақ Ауғанстандағы жағдайға байланысты қауіпсіздік мәселелерімен бетпе-бет келгенін атап өтті. Осы және өзге де қауіпсіздік мәселелерінің ұқсастығын меңзей отырып, Э. Мора Орталық Азия елдері бұл мәселелерді шешуде ЕО-ның көмегіне сене алатынын мәлімдеді.
Диалог аясында тараптар ЕО-ның Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Терхи Хакаламен, ЕО-ның Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Томас Никлассонмен, ЕСІҚҚ-нің терроризмге қарсы күрес жөніндегі өкілі Надия Константинимен және ЕО-ның қарсы терроризм жөніндегі үйлестірушісі Бартон Вегтермен өңірлік қауіпсіздік, шекараны нығайту, терроризмге қарсы іс-қимыл және қауіпсіздік саладасындағы бірлескен бағдарламаларды (LEICA, CADAP, BOMCA) іске асыру барысы бойынша пікір алмасу мақсатында кездесу өткізді.
Брюссельге сапары барысында Министрдің орынбасары Euractiv панъеуропалық медиа-агенттігінің алаңында Қазақстан мен ЕО арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың негізгі драйверлері тақырыбындағы конференцияда сөз сөйледі. Тікелей эфирде өткен гибридті форматтағы іс-шараға жақында Қазақстанға 40 еуропалық агроөнеркәсіптік компаниялардың миссиясын басқарып барған Ауыл шаруашылығы жөніндегі Еурокомиссар Януш Войчеховский, «European Neighbourhood Council» зерттеу институтының басшысы Самуэль Довери Вестерби, сондай-ақ KIMEP University және Nazarbayev University профессорлары Марям Агараби мен Жәнібек Арынов қатысты.
Іс-шарада Қазақстан мен ЕО арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың әлеуетті салалары, олардың дамуына кедергілер және бұл кедергілерді жою жөніндегі ұсыныстар қаралды.
«Орталық Азия – ЕО» Саясат және қауіпсіздік мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі Диалог өңіраралық ынтымақтастықтың тұрақты алаңдарының бірі болып табылады. Бұл форматтағы алғашқы отырыс 2013 жылы өтті. Платформа су, экология және т.б. салалардағы өңірлік қауіпсіздік сын-қатерлерін шешу, сондай-ақ терроризммен, заңсыз көші-қон және тыйым салынған заттардың айналымымен байланысты трансшекаралық қатерлерінің алдын алу бойынша бірлескен шараларды іске асыруға бағытталған.