Сенат Төрағасының орынбасары Жақып Асанов пен депутаттар Ольга Булавкина, Ернұр Әйткенов, Сергей Ершов, Нурия Ниязова, Талғат Жүнісовтер Парламент Сенаты мен Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның 21-ші отырысына қатысты. Кездесуге қатысушылар жан-жақты ынтымақтастықты өрістету, тарихи естелік пен мәдени мұраны сақтаумен қоса мәдени-гуманитарлық саланы жетілдіру, сондай-ақ екі елдің туризм және спорт саласындағы байланыстарын дамыту мәселелерін талқылады.
Сенат Төрағасының орынбасары Жақып Асанов: «Елдеріміз бір-біріне әрқашан негізгі стратегиялық әріптес болатынына күмән жоқ. Екіжақты қатынастар барлық салада және барлық деңгейде дами береді. Ел мүддесін өзара құрметтеу басты қағидат болып табылады. Мемлекеттеріміздің басшылары ынтымақтастықты тереңдетуді бағдар етеді. Көшбасшыларымыз биылдың өзінде, жарты жылға жетпей бірқатар кездесу өткізді. Палаталар төрағаларының арқасында Сенат пен Федерация Кеңесінің арасындағы парламентаралық ынтымақтастық сапалы түрде өрістеп келеді», деді.
Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі Төрағасының Бірінші орынбасары Андрей Яцкин мен Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко өз кезегінде Ресей Қазақстанмен ынтымақтастықты жоғары бағалайтынын, сондай-ақ екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға белсенді ықпал етуге дайын екенін атап өтті.
Сенатор Талғат Жүнісов Ресей мен Қазақстан арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық белсенді дамып келе жатқанын атап, Қазақстанда Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуге дайындық бойынша ардагерлерге және тарихи оқиғалардың ұмытылмауына ерекше назар аударылып жатқанын, түрлі шаралар мен әскери шеру жоспарланып отырғанын тілге тиек етті.
Сенат депутаты Ернұр Әйткенов экономика, мәдениет, білім, денсаулық сақтау салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетудің маңыздылығын атап, сондай-ақ инновациялар, экологиялық орнықты даму және көлік инфрақұрылымын одан әрі жақсарту тұрғысындағы өзара іс-қимылдың елеулі әлеуетін атап өтті.