Қазақстан мен Нидерланд су тасқынына қарсы іс-қимыл және сала мамандарын даярлау жөнінде меморандумдарға қол қойды.
Құжаттарға қол қою рәсіміне аталған сала министрі Нұржан Нұржігітов, бірінші вице-министр Болат Бекнияз және Нидерланд мемлекетінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Николаас Схермерс қатысты.
Алғашқы құжат – Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Нидерланд Сыртқы істер министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум. Құжат су шаруашылығы құрылыстарын салу және пайдалану, су тасқынын болжау және қарсы іс-шараларды жоспарлау мәселелерінде ынтымақтастықты көздейді. Келісім тасқын суын реттеу мен пайдалануда тәжірибе алмасу, сондай-ақ өзен ағындарын басқару бөлігінде Нидерландының тәжірибесін зерттеуді көздейді.
Дельфт су білімі институтымен (IHE Delft) қол қойылған екінші меморандумда су саласы мамандарын даярлау, су саласында ғылым мен инновациялық технологиялар саласындағы өзара іс-қимыл қарастырылған.
«Бүгінгі кездесу – Нидерланд мемлекетімен қарым-қатынасымыздың маңызды кезеңі. Ынтымақтастығымыз ауқымды және перспективалы жобаларды іске асыруға көмектесетініне, ал тәжірибе мен технология алмасу отандық су саласының әлеуетін ашуға мүмкіндік беретініне сенімдімін», деді министр Нұржан Нұржігітов.
ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі Қазақстанда су тасқынына байланысты IT саласында жұмыстар атқарылатынын жазды. Мысалы жедел хабарлау және құтқару қызметтерін ТЖ аймағына жөнелту үшін SKYMAX су тасқынының алдын алу жүйесі және тасқын сулардың өтуінің цифрлық карта-схемасы әзірленбек екен.
“Сонымен қатар су қорғау аймақтарында жер учаскелерінің бөлінуін бақылау үшін су объектілері мен кадастр бойынша деректерді қамтитын hydro.gov.kz платформасы әзірленуде. Әкімдіктер су қорғау аймақтарында орналасқан құрылыстарға тексеру жүргізіп, оларды жою немесе көшіруді қамтамасыз етуі қажет,”- деп жазды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ қолданыстағы 377 гидропостқа тағы жаңа 139 нысан қосылатыны, олар су тасқыны қаупі бар аумақтар мен трансшекаралық өзендерде орнатылатыны белгілі болды.
Нидерланд ғалымдары
“Апаттың алғашқы күндерінен бастап елімізде Нидерландыдан келген ғалымдар тобы жұмыс істеп жатыр, олар жақын арада су тасқыны қаупін басқарудың бірлескен жоспарын ұсынады,”- деп хабарладыҮкіметтің баспасөз қызметі.
– Су тасқыны басталғаннан бері елдімекендердің су басқан аймақтарында және эвакуациялық пункттерде орталықтандырылған көздерден 10 180 сынама іріктеп алынды. Оның ішінде гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейтіні 670 сынама, орталықтандырылмаған су көздерінен 1 363 сынама. Оның ішінде гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейтіні 124 сынама (сәйкес келмейтін көрсеткіштер ауыз судың ластануының жанама факторы), – делінген жауапта.