Қазақстанның авиациялық әкімшілігі және Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті жанындағы Азаматтық авиация мемлекеттік агенттігі (ҚРМК ААМА) ұшу қауіпсіздігінің, авиациялық қауіпсіздіктің деңгейін арттыру және авиация саласының тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін азаматтық авиация саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
«Тараптар ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша әдістер мен құралдар туралы тәжірибе және ақпарат алмасу, азаматтық авиация саласындағы оқыту, біліктілікті арттыру және іс-жүзіндегі тәжірибені кеңейту, оқыту мақсатында мамандармен алмасу, азаматтық авиация саласындағы біліктілікті арттыру және іс-жүзіндегі тәжірибені кеңейту, бірлескен жұмыс топтарында жұмыс істеу, салалық іс-шараларға қатысу және бірлескен кездесулер, конференциялар, семинарлар және т. б. арқылы өзара ынтымақтастықтың бірқатар бағыттарын белгіледі», деп мәлімдеді Қазақстанның авиациялық әкімшілігі.
Екі тарап арасындағы меморандум авиация саласындағы бірлесіп атқарылған жұмыстарды жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізеді.
«Әуе биліктері арасындағы ынтымақтастықты тереңдету ұшу қауіпсіздігі, авиациялық қауіпсіздік және тұрақты даму саласындағы бірлескен жұмысты жаңа деңгейге шығаруға, тиімділікті арттырудың жаңа жолдарын табуға мүмкіндік береді», деп атап өтті Еліміздің авиациялық әкімшілігі Бас директоры Каталин Раду мен ҚРМК ААМА басшысы Данияр Бостонов.
Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Парламент Сенатының пленарлық отырысында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісімнің жобасын ұсынды.
Депутаттарды құжаттың мазмұнымен таныстыра отырып, вице-министр оның мақсаттары мен міндеттері туралы айтып берді. Т.Ластаевтың айтуынша, авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді жасасу үшін халықаралық азаматтық авиация туралы Конвенцияның талабы негіз болып табылады (3.1.5-тармақ, 12-қосымша «Іздестіру және құтқару»).
Келісім Халықаралық Азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттарына сәйкес апатқа ұшыраған әуе кемелерінің жолаушылары мен экипаждарын іздестіру және құтқару үшін мемлекеттер арасындағы ынтымақтастыққа бағытталған.
Келісімнің міндеттеріне әуе кемелерінің апатқа ұшыраған жолаушылары мен экипаждарын іздестіру және құтқару үшін өзара ынтымақтастықты нығайту, авиациялық оқиғалар туралы хабарлау, жолаушыларды іздеу және құтқару жөнінде қажетті шаралар қабылдау, іздестіру-құтқару қызметтерінің бірлескен оқу-жаттығуларын өткізу, ақпарат және тәжірибе алмасу міндеттері кіреді.
Келісім бірлескен іздестіру-құтқару операцияларын жүргізудің нормативтік негізін, іздестіру және құтқару аудандарының шекарасын, келісімді іске асыруға жауапты құзыретті органдарды айқындайды, сондай-ақ іздестіру операциялары кезінде өзара көмек көрсету құқығын көздейді.
Келісімді ратификациялау заңды немесе әлеуметтік тұрғыда теріс әсерін тигізбейді деп күтілуде.