Биыл Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахимов атындағы Шымкент Республикалық «Жас ұлан» мектебінің құрылғанына 40 жыл толады. Осы күнге орай үшінші мегаполистің «Астана» алаңында мектептің 198 түлегі үшін жалпы орта білім туралы аттестаттарды тапсыру салтанатты рәсімі өтті. Бір сапта жас ұландықтармен бірге біздің кең еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы келген алдыңғы түлектердің барлық ұрпақтары бас қосты.
Іс-шараға құрметті қонақтар ретінде Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева, әскери білім және ғылым департаментінің бастығы полковник Мұрат Олжабаев, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов, Қарулы Күштер, Ауған соғысы және Чернобыль қозғалысы кеңестерінің төрағалары, сондай-ақ «Жас сарбаз» патриоттық клубының тәрбиеленушілері қатысты.
Белгіленген уақытта ұландар алаңға саптық қадаммен шықты. Әскери оркестрдің үнімен Мемлекеттік Ту белгіленген жерге шығарылды. «Түзел, тік тұр! Ортаға сап түзе!» пәрменінен кейін мектеп бастығы полковник Пернехан Орынбеков мектеп түлектеріне аттестаттарды тапсыру салтанатты рәсімін өткізуге дайын екендігі туралы баяндама жасады.
Құттықтау сөздерін естіген ұландардың үш рет «Ура!» айқайлауынан соң, Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаеваға құттықау сөзі берілді. Ол Қорғаныс министрі атынан ұландарға оқуын сәтті аяқтағаны туралы жылы лебіздерін жеткізді.
— Сіздер Қорғаныс министрлігінің оқу орнын аяқтадыңыз, білім туралы алғашқы құжаттарыңызды алып, бүгін өмір жолының жаңа кезеңін бастаудасыздар. Мектеп мұғалімдері мен тәрбиешілері сіздермен өз білімдері мен өмірлің тәжірибелерін толықтай бөлісті. Олар сіздердің оқу күндеріңізді қуанышқа және жаңалықтарға толы қылуға тырысты. Барлығыңызды белсенді азамат қылып, өз Отанының нағыз патриотына айналуына ат салысты. Осы орайда мұғалімдерге, шабытты еңбектері үшін, өскелең ұрпаққа деген шыдамдылығы мен қамқорлығы үшін рақметімді айтамын, — деп қорытындылады Айгүл Төлембаева.
Оқу орнының бастығы полковник Пернехан Орынбеков атап өткендей, Шымкент Республикалық «Жас Ұлан» мектебі 40 жыл бойы Отанның үздік ұлдарын тәрбиелеп келеді. Жыл сайын бұл түлектер Қорғаныс министрлігінің, ҰҚК, ТЖМ және ҚР ІІМ жоғары оқу орындарының курсанттары атануда.
— Мен барлық түлектерге бейбіт аспан мен жақсы қызмет тілеймін. Бүгін бітіріп жатқан ұландарымыз, ертең әскери саланың қыр-сырын меңгерген, айтулы азаматтарға айналады деп сенемін. Бұл сала оңай емес. Үлкен жауапкершілікті талап етеді. Баршаңызға сәттілік пен денсаулық тілеймін, — деді Пернехан Басарбекұлы.
Қонақтардың құттықтау сөздерінен кейін түлектер қоштасу вальсін орындады, ал гарнизон әскери қызметшілері көрермендерге атыс, жарылыс және кепілге алынғандарды босату сияқты жауынгерлік дайындық элементтерін көрсете отырып, шоу-бағдарламаны ұсынды. Алаңда әскери оркестр де өз өнерлерін көрсетті.
Салтанатты шара соңында түлектер, мектеп басшылығының алдында салтанатты саптық шерумен өтіп, осы сәт үшін алдын-ала жинаған тиындарын аспанға лақтырды, бұл олардың болашағының жарқын мансабын білдіредтін дәстүрлердің бірі.
Айта кетсек, әскери мектеп Шымкент қаласында 1984 жылы мамырда құрылған. Бастапқыда ол орыс тілі мен әскери мамандықты тереңдетіп оқытатын мектеп-интернат ретінде жұмыс істеген. 1992 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулысымен мектеп республикалық әскери-мектеп болып өзгертілді. 2003 жылы әскери мектеп-интернатқа Кеңес Одағының Батыры генерал-майор Сабыр Рахимовтың есімі берілді. ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 26 қыркүйектегі қаулысынан кейін оқу орны Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің қарамағына өтті.
Осы жылдар аралығында мектеп 4000-нан астам түлек дайындады, олардың ішінде 7 генерал, 200-ден астам полковник және 3 ғылым өкілдері бар. Олардың барлығы қазіргі уақытта Қарулы күштер, басқа әскерлер мен әскери құрылымдар қатарында қызмет етеді. Олардың қатарында Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров, Қорғаныс министрлігінің Бас инспекциясының бастығы генерал-майор Дәулет Оспанов, Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы авиация генерал-майоры Руслан Кунуров, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері Әскери институтының бастығы генерал-майор Бауыржан Ибатулин бар.
Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі