Өткен апта соңында Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің базасында инженерлік білім саласы оқу-әдістемелік бірлестігінің кеңейтілген көшпелі отырысы өтті. Қазір еліміздегі 52 жоғары оқу орны инженерлік техникалық бағыттағы білім бағдарламаларын жүзеге асырып жатыр. Магистратура мен докторантурада 103 мыңнан астам студент білім алады.
«Былтыр 24 мыңнан астам студент инженерлік бағытта білім алды. Қазіргі уақытта инженерлік білімге ден қойғандар көп. Инженерлерді даярлауда да бірқатар жетістікке жеттік. Қазіргі уақытта аталған бағытта 11 оқу-әдістемелік бар. Жалпы, 8 мыңның үстінде білім бағдарламасы болса, оның мың жарымы техникалық бағытта. Алайда бұл заман талабына сай ма? Соны жүйелеп алуымыз керек», – дейді Ғылым және жоғары білім министрлігінде Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі комитет төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова.
Отырыста айтылғандай, техникалық оқу орындарының көбі кәсіпорындармен қарым-қатынасты нығайта түсулері қажет. Өскемен өндірістік қала болғандықтан, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ студенттері практиканы да өндіріс ошақтарында өтеді. Қарым-қатынас тығыз. Дегенмен заманға қарай инженерлік-техникалық бағыттағы мамандарды даярлаудың жаңа тұжырымдамасы әзірленіп, талқыға түсіп жатыр.
Жиында жаңа технологияны меңгеріп, ел экономикасын ілгерілетудің жаңа әдісін қалыптастыруымыз керек. Ол үшін техникалық, инженерлік кадрларды жетелеуіміз керек. Аталған тұжырымдамаға қатысушылардың бірі Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті мен Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ екендігі де айтылды. Алайда қазір инженерлік бағытта кадр тапшылығы бар. Оны шешу үшін «Мамандығым – болашағым» жобасы жүзеге асып жатыр.
ШҚТУ ректоры Сәуле Рахметуллинаның сөзінше, білікті маман даярлау үшін оқытушылардың деңгейі халықаралық дәрежедегі тәжірибемен сәйкесуі керек. Біле білсек, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ – CDIO жүйесінің қозғалысына Орталық Азия көлемінде тұңғыш енген университет.
«Көшпелі отырысқа қатысушылар Шығыс Қазақстанда бас қосты. Келесі қай қалада өтетіні белгісіз. Десе де, техникалық университеттер базасына барып, өз тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз. 2022 жылы Сингапурде өткен форумнан көптеген мағлұмат алып қайттық. Сонда біз өз университетімізді таныстырып, CDIO жүйесін оқу бағдарламасына қалай енгізіп жатқанымызды көрсеттік. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – студенттер оқуын аяқтап, өндіріске келгенде бірден жұмысқа кірісуін бақылауда ұстау еді», – деді Сәуле Жәдігерқызы.
Иә, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ – Орталық Азиядағы негізгі университеттердің бірі. Мұнда оқыған студенттер де өндіріс ошақтарында қат мамандықты алып шығып жатыр. Ең бастысы, оқуды тәмамдаған түлектердің жүз пайызға жуығы жұмысқа орналасады.
«Жалпы, оқу орнының тарихы терең, өзіндік стратегиясы мен саясаты бар. Инженерлік білім жолында үлкен топ еңбек етті. Енді осы тәжірибені басқа білім ордаларында қолға алғанды жөн деп білемін», деді білім ордасының ректоры.
Ғылым және жоғары білім министрлігінде Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі комитет төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова қазір техникалық бағыттағы мамандықтарға қанша маман тапшы екенін зерттеу керектігін айтты. Магистратура мен докторантурада білім алатындарға стипендия төлеу мәселесі де қарастырылып жатқанын сөз етті.
Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылымдардың алдында қойған тапсырмасы төңірегінде де сөз қозғалды. Атап айтсақ, техногендік және табиғи апаттарды жоятын кадрларды даярлау қажет. Жасыл энергетиканы дамыту, су қорын сақтау, оқу орындарын жетілдіру, индустриялдың phd бағыттарын жандандыру күн тәртібінен түспеуге тиіс.
Жиында сейсмология тақырыбында әңгіме өрбіп, түрлі табиғи апатты жою өте маңызды мәселелердің бірі екені қайталанды. Еліміздің шығысы, оңтүстік шығысы – сейсмикалық қауіпті аймақ. Ал Орталық Қазақстан техногендік жер сілкінісіне бейім. Бұл салада зерттеу жүргізіп отырған сейсмолог ғалымдар Пекин ғалымдарымен тікелей байланыста. Гидрология және инженер геология мамандығы да кең өріс алып келеді. Бұл мамандық ең алғаш 1932 жылдан бастап Семейде оқытыла бастаған. Ендігі кезекте жоғарыда аталған инженерия саласы жан-жақты дами түседі.