Президент «жасыл» энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығы артып келе жатқанын айтты.
– Оңтүстік Корея компанияларымен осы бағытта тәжірибе алмасудан бастап, нақты жобаларды жүзеге асыруға және технологиялар трансфертіне дейінгі ықпалдастықты жүйелі түрде жандандырамыз деп үміттенеміз. Бұдан бөлек, біз дәстүрлі қуат көздерін де дамытуға мүдделіміз. Сондықтан Doosan Enerbility компаниясының Түркістан мен Атырау облыстарында газ электр станцияларын салу жоспарын құптаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміз агроиндустрия кешенін жоғары технологиялық салаға айналдыруға ниетті.
– Бүгінгі келіссөздер барысында Корея Президенті Қазақстанға «ақылды ауыл шаруашылығы фермалары» принципі бойынша жұмыс істейтін технологиялар жеткізу жөнінде ұсыныс айтты. Менің ойымша, бұл – өте жақсы ұсыныс. Біз аталған жобаны жүзеге асырамыз. Оңтүстік Кореяның жасанды интеллектіге, роботты техникаға және биотехнологияға негізделген инновациялық агротехнологиясын енгізуге мүдделіміз. Біздің шаруалар тиімділігі жоғары «ақылды» жылыжайлар салу тәжірибесіне ерекше қызығушылық танытып отыр, – деді Президент.
Сонымен қатар Президент Сингапур компанияларымен бірлесе жүзеге асырылатын «Alatau City» жобасына кореялық инвесторлар мен девелоперлерді де белсенді атсалысуға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, медицина, фармацевтика және биотехнология салаларындағы ынтымақтастықты нығайту үшін зор мүмкіндіктерге жол ашылып отыр.
– Pfizer, Roche, GE Healthcare және Philips секілді әлемге әйгілі компаниялар елімізде дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтардың жергілікті өндірісін ашпақ. Оңтүстік Кореяның GL Rapha компаниясы Алматыдағы биофармацевтика зауытының құрылысына көп ұзамай кіріседі деп үміттенемін. Бұл нарық стандарттарын едәуір жоғарылатады. Сондай-ақ елімізде Оңтүстік Кореяның диагностика орталықтары мен көпбейінді зертханаларын ашудың келешегі зор, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның кореялық серіктестерімен жасанды интеллект технологиясын дамыту, дата-орталықтар салу және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету бағыттары бойынша бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін атап өтті.
– Астана халықаралық қаржы орталығы біздің бәсекеге қабілетті инвестициялық ортамыздың берік негізі саналады. Біздің аймақтағы бұл бірегей алаңда әлемдегі жетекші қаржы орталықтарының артықшылықтары барынша ескерілген. Бүгінде АХҚО-да әлемнің ондаған елінен екі мыңнан астам компания табысты жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде Оңтүстік Кореядан 20-ға жуық компания бар. Біз қаржы технологиясы, IT, активтерді басқару және лизинг салаларында мұндай компаниялардың саны көбірек болғанын қалаймыз. Бұл ретте Оңтүстік Кореяның BNK Finance Kazakhstan микроқаржы ұйымы толыққанды екінші деңгейлі банкке айналуын құптаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, бүгінгі форум екі елдің күш-жігерін біріктіруге және табысты кооперациясына тың серпін беретініне сенім білдірді.
– Бүгін мен K-Silk Road тұжырымдамасын толық қолдайтынымызды айттым. Шын мәнінде, бұл – өте маңызды тұжырымдама. Қазақстан аталған бағдарламаны іске асыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Президент мырзаның айтуынша, келесі жылы осы тұжырымдаманың аясында Кореяда саммит өткізу жоспарланып отыр. Қазақстан бұл жиынға жан-жақты атсалысады деп ойлаймын. Қазақстан Үкіметі елімізде жұмыс істеуге ниетті оңтүстіккореялық компаниялар мен инвесторларға қажетті қолдау көрсетеді, – деді Президент.
Сонымен қатар форумда Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёль, Кореяның халықаралық сауда қауымдастығының төрағасы (Іскерлік кеңестің тең төрағасы) Джин Сик Юн, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Hyundai Motor Russia & CIS өңірлік штаб-пәтері басшысының орынбасары Им Дже У, Astana Motors компаниясының бас директоры Бекнұр Несіпбаев, Doosan Enerbility компаниясының вице-президенті Янг Юн Хо, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының стратегия және цифрландыру жөніндегі орынбасары Әнуар Ахметжанов, SK Еcoplant компаниясының Алматы қаласындағы филиалының директоры Ли Джун Хек, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев және тағы басқалар сөз сөйледі.