Шымкенттік құтқарушылар Атырау облысында су тасқыны қарсы жұмыстарды толық орындап, тұрақты орналасу пунктіне оралды. Оларды салтанатты түрде әріптестері мен туыстары күтіп алды, деп хабарлайды 13.kz ақпараттық агенттігі.
Салатанатты іс-шара барысында Шымкент қаласы ТЖД бастығы генерал-майор Қ.Базарбаев авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізген құтқарушыларға алғыс айтып, бірлескен әрекет пен күш-жігер қиын кезеңді еңсеруге көмектескенін атап өтті.
Шымкент қаласы ТЖД күштері мен құралдары Атырау облысындағы су тасқынына қарыс іс-шараларға белсенді қатысты. Олар 13 сәуірден бастап Атырау облысының Құлсары қаласы, Алмалы,Ақжар, Индербор, Махамбет аудандарында тәулік бойы су тасқынына қарсы жұмыстарды жүргізіп, дамбыларды нығайту үшін инертті материалдармен толтырылған 60 000 қап төседі, сондай-ақ 323 236 текше метр су сорды. Тұрғындарының атынан шымкенттік құтқарушылардың кәсіби түрде, уақтылы және нәтижелі атқарған жұмыстары үшін алғыс сөздер айтылып, облыс әкімінің алғыс хаты табысталды.
Еске сала кетейік, Атырау облысына Шымкент қаласы ТЖД 47 жеке құрам, 6 бірлік техника, 15 дана мотопомпа, 2 бірлік қайық жіберілген болатын.