Қаладағы «Қасірет» мемориалында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған іс-шара өтті. Тағдырдың қатал сынағына ұшыраған боздақтар еске алынып, құрмет көрсетілді. Іс-шара ана мен бала ескерткішіне тағзым етуден басталды.
Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары ескерткішке гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Одан әрі көпшілік саяси-қуғын сүргінге ұшыраған арда азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Қаланың бас имамы Бақдәулет Әбдірахманов марқұмдардың рухына Құран аяттарын бағыштады.
Бұл – қазақ тарихындағы қаралы күннің бірі. Солақай саясаттың кесірінен ұлтымыздың қаймағы мен қарапайым азаматтар жазықсыз жапа шекті. Енді олардың атын еске алып, жадымызда сақтау, құрмет көрсету – кейінгі ұрпақтың парызы.
Солақай саясаттың кесірінен ұлтымыздың қаймағы мен қарапайым азаматтар жазықсыз жапа шекті. Енді олардың атын еске алып, жадымызда сақтау, құрмет көрсету – кейінгі ұрпақтың парызы. Мемлекет басшысының тапсырмасымен шаһарда саяси қуғын-сүргін көрген азаматтарды толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия жұмыс істеп жатыр. Таяуда «Тарих.Тағылым.Тұлға» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция да ұйымдастырылған болатын.
Айта кетсек, бүгін қаладағы барлық мешітте саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, олардың рухына Құран бағыштау іс-шарасы өтеді.
Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы ҚР Заңы қабылданды. Ал, 1997 жылды Жалпыұлттық татулық пен саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ 31 мамыр – саяси саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жарияланды. Жалпы, зерттеушілер деректеріне сүйенсек, 1927-53 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан бастам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылды. Осы қуғын сүргін жылдарында бүкіл елде 953 лагерь болған. Қазақстанда ГУЛаг-тың 20-дан астам лагері орналасқан.
Тәуелсіздік жылдары аралығында 146,5 мың күнәсіз жазғырылған отандасымыздың аттары жазылған 14 «Аза кітабы» жарыққа шықты. Заңнамаға сәйкес, 340 мыңнан астам заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар ақталды.




