Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Назира Нұрбаеваның Корея Республикасына жұмыс сапары өтті.
Сапар барысында Назира Нұрбаева Корея Республикасы Сыртқы істер министрінің саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Чжонг Бёнг Вонмен келіссөздер өткізді. Кездесу барысында тараптар алдағы бірлескен іс-шаралардың кестесін талқылап, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыру жөнінде пікір алмасты.
Сонымен қатар, қазақстандық дипломат «Samsung Electronics», «Samsung C&T», «Samsung Medison», «Doosan Enerbility», «ECOVICE», «SK Ecoplant», «KIGAM», «GL Rapha», «LS Networks» және «Ionia EnC» сияқты ірі корей компаниялардың басшылығымен кездесулер өткізді. Келіссөздер барысында кореялық инвесторлар Қазақстанның инвестициялық ахуалымен және инвестиция тартудың жаңа құралдарымен танысты.
Тараптар медицина, фармацевтика, қалдықтарды өңдеу, логистика және геология салаларында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарларын да талқылады.
Корейлік іскери топ өкілдері бірлескен перспективалық жобаларды жүзеге асыруға үлкен қызығушылық танытып, қазақстандық серіктестермен табысты ынтымақтастыққа үміт білдірді.
Соңғы 10 жыл ішінде Қазақстанға тартылған шетелдік инвестиция көлемі 10 есе өскен. «Kazakh Invest» ҰК» АҚ өкілінің айтуынша, 2005 жылдан бастап оңтүстіккореялық кәсіпкерлер Қазақстанға 5 млрд доллардан астам тікелей инвестиция құйған.
«Бүгінде Қазақстанда 1 мың кореялық компания тіркелген. «Kazakh Invest» құны 4,8 млрд доллар болатын кореялық капиталдың қатысуымен 42 жобаны іске асырып жатыр. Оның 20-сы сәтті аяқталды», — деді компания өкілі.Оңтүстік кореялық үй маңындағы дүкендер желісі Қазақстан нарығына енді. Сол елдің ірі операторы BGF Retail-мен осылайша Орта Азия нарығына жол салмақ. Корейлік CU брендінің елімізге келуіне Қазақстандық «Шин-Лайн» компаниясы ықпал еткен. «Үй маңындағы» алғашқы дүкен Алматы қаласында ашылды.
Компания өкілдерінің айтуынша, жоба аясында 2030 жылға дейін экономикаға 50 млрд теңге инвестиция салынып, осы жылы 600 жаңа жұмыс орны ашылады. Алдағы уақытта 500 жуық CU «үй маңындағы дүкенін» ашу жоспарланған.




