«Таза Қазақстан» республикалық акциясы Шымкент қаласында жалғасып жатыр. Абай ауданына қарасты «Агропром» гүлзары аумағында тазалық жұмыстары жүргізілді.
Тазалық жұмыстарына барлық мекеме қызметкерлері бір кісідей атсалысып, әрбір ұжым бөлінген аумақтарда, көшелерде тазалық жұмыстарын жасады. Жайлау шағынауданында орналасқан скверде қоқыстарды шығару, ағаштарды әктеу, шөп ору, қураған ағаш бұталарын қырқу секілді бірқатар жұмыстар атқарылды.
— Абай ауданында 7 гүлзар бар. Олардың барлығына тазалық жұмыстары жүргізілді. Бүгін «Агропром» гүлзарының екі бөлігінде 70 -ке жуық азаматтың қатысумен акция жоғары деңгейде өтті. Тазалық дегеніміз әр адамның өзіне деген құрметінен басталады. Өзін құрметтемеген адам, ауласын, көшесін, тіпті қаласында таза ұстай алмайды. Сондықтан барша тұрғындардан еңбекті бағалап, көшеде жүргенде бей-берекет қоқыс тастамауын сұраймыз. Табиғатты таза ұстау, қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау ол сізбен біздің басты міндетіміз, — деді Абай ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Тілешұлы.
Шара қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған. Алдағы уақытта әр апта сайын сенбілік жұмыстары жүргізілмек.
«Таза Қазақстан» акциясы бойынша Әл-Фараби ауданы Жангелдин көшесіндегі
№28,30,32 үй аулаларына және ауданның орталық көшелеріне санитарлық тазалау, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Аталған тазалық жұмыстарына ауданның тұрғындары, ақсақалдар, ерікті жастар және аппарат қызметкерлері қатысты. Жалпы шөптерді ору, ағаштарды қырқу, әктеу, иригациялық жүйелер мен аумақты тазалау жұмыстары жүргізілді.
Жалпы санитарлық тазалық іс-шарасына 13 арнайы техника, 500 ден астам адам жұмылдырылған.“Таза Қазақстан” республикалық акциясы аясында бүгін тазалық жұмыстары жалғасын тапты. Еңбекші ауданы аумағындағы Сайрам және Безделев көшелерінің бойында “Группа Интеко” ЖШС коммуналдық мекемесі жұмысшылары тазалық жұмыстарын жүргізді.
Мекеменің 60 қызметкері бұталарды қырқу, аяқжолды тазалау, жол жиегіндегі тастарды алу, көше бойын сыпыру жұмыстарын атқарды. Жалпы 9 техника жұмылдырылды.
Аудан әкімінің орынбасары Досалы Амангелдиевтің айтуынша, аудан аумағындағы тазалық іс-шараларына жалпы 60 техника жұмылдырылған. Экологиялық акция аясында тазалық жұмыстары тұрақты өткізілуде.




