Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Сингапур бизнес форумын ұйымдастырғаны үшін осы елдің Үкіметіне ризашылығын білдірді. Президенттің айтуынша, бұл шара Қазақстан мен Сингапур компанияларын екі ел нарығында жаңа мүмкіндіктер іздеуге ынталандырады.
Мемлекет басшысы Қазақстанда ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және әлеуетті инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында кешенді реформалар жүргізіліп жатқанын айтты.
Хенг Суи Кеат Орталық Азия және АСЕАН елдерінің ынтымақтастығын кеңейтуге Қазақстан мен Сингапур септігін тигізе алатынын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хенг Суи Кеат үкіметтер мен бизнес құрылымдардың ықпалдастығын нығайту арқылы екіжақты серіктестікті одан әрі дамытуға дайын екенін растады.
Сонымен қатар кездесуде мемлекеттік құрылым мен жаһандық экономикаға, оның ішінде цифрландыруға, технологияларды дамытуға, жасанды интеллекті және адам капиталына қатысты мәселелер қарастырылды.
Сингапурға мемлекеттік сапармен келген Қасым-Жомарт Тоқаевты «Istаna» сарайында Президент Тарман Шанмугаратнам күтіп алды.
Келіссөздердің алдында ресми қарсы алу рәсімі өтті. Қазақстан мен Сингапурдың мемлекеттік әнұрандары шырқалып, Құрмет қарауылы ротасының бастығы екі ел басшыларына рапорт берді. Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тарман Шанмугаратнам бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Мемлекет басшысы Президент сарайындағы Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ делегациясына сый-құрмет көрсеткені үшін алғыс айтып, бұл 20 жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан Президентінің Сингапурға жасаған бірінші сапары екенін атап өтті. Сондай-ақ 1970-жылдары Кеңес одағының дипломаты ретінде қызмет еткендіктен, бұл елді өте жақсы білетінін және араға уақыт салып мұнда Қазақстан Президенті ретінде қайта келгеніне қуанышты екенін жеткізді.