Паразит кейбір етқоректі және жыртқыш сүтқоректілердің аш ішегінде дамып жануарлардың нәжісімен топыраққа түседі. Адамдар жұқпалы эхинококкозбен ауырған жануарлармен (иттер, ірі және ұсақ малдар, жабайы жыртқыштар) байланыс кезінде жұқтырып алуы мүмкін. Иттер эхинококкоз ауруын құрт өсінділерімен зақымданған жануарлардың ішкі мүшелерін жегенде жұқтырып алады. Індеттің негізгі көзі — ауру ит.
Жұғу жолдары.
-алиментарлы жолмен (паразиттің жұмыртқаларымен ластанған тамақпен, жидектермен, саңырауқұлақтармен және көкөністермен);
-су арқылы (паразиттермен ластанған су арқылы);
-тұрмыстық қатынас (ауру жұқтырған етқоректілердің терісін кесу нәтижесінде, иттермен тым тығыз байланыста болып, оның ішінде итті сипалап, гигиена ережелерін сақтамау) кезінде беріледі. Эхинококкоз қоздырғыштары адамның кез келген мүшесін зақымдауы мүмкін, әсіресе бауыр мен өкпе зардап шегеді, сөйтіп эхинококкоз ауруы пайда болады. Ауру клиникалық, рентгенологиялық және зертханалық жолмен анықталады.
Эхинококкоз дертіне байланысты күдік туған жағдайда, ішкі ағза мүшелерін ультрадыбыстық, т.б. тексерулерден өткізіп, қан құрамын зерттеу керек. Бұл дертті емдеу үшін, міндетті түрде ота (операция) жасалады.
Эхинококкоз ауруы ұзақ уақыт 5 жылдан 20 жылға дейін симптомсыз түрде жүреді, сондықтан көбінесе ауру ота жасау кезде кешігіп анықталады.
Эхинококкоздың алдын алу іс-шаралары:
1) жеке бас гигиенасын сақтау;
2) ет комбинаттарында, базарларда, мал сою пункттерінде ет және ет өнімдеріне ветеринариялық–санитариялық сараптау жүргізу;
3) иттерге жоспар бойынша дегельминтизация жүргізіп, паспорттау;
4) қаңғыбас иттерді жою;
5) мал сойғанда итке малдың құртпен зақымданған мүшелерін бермеу керек.
ҚР ДСМ СЭБК Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Нышанов Нұрбек Садықбекұлы