Естеріңізге сала кетсек, былтыр тура осы қазан айында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қазақстандағы Италияның елшісі Марко Альберти бастаған делегацияны қабылдап, келіссөз жүргізген болатын. Сол кездесуде Түркістан өңірінің бизнесті дамытуға қолайлы тұстарын жеткізген облыс басшысы итальяндық бизнес алпауыттарын тоқыма, тігін фабрикаларын ашуға шақырған болатын. Облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетімен таныстырған өңір басшысы Италиямен байланысты нығайтып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді. Тараптар екі ел арасында достық қарым-қатынастар мен сындарлы саяси диалог орнағанын, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдың дәйекті дамып келе жатқанын атап өтті.
– Бұл кездесу Қазақстан-Италия ынтымақтастығын дамытуға жаңа серпін беретініне сенімдімін. Бүгінде біздің облыс пен Италия елі арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға жақсы мүмкіндігіміз бар. Қазіргі таңда тарихи Түркістан өңірі қайта өрлеу дәуірін бастан өткеріп жатыр. Осыдан төрт жыл бұрын Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласы орталық болды. Осы аз ғана уақытта өңірде ауқымды жұмыстар атқарылды. Инвестиция көлемі артты. Өңірде туризм саласы үш бағытта дамып келеді. Италиямен бірнеше сала бойынша әріптестік орнатуға мүдделіміз. Бұл ретте туризм, ауыл шаруашылығы, жаңа технологияларды енгізу бойынша инвестиция тартсақ деген ой бар. Барлық мәселені талқылауға дайынбыз, – деген болатын Дархан Сатыбалды.
Сондай-ақ, таяуда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында жүгезе асатын жаңа жобалар жайлы айтылды. Инвестициялық штаб бизнес мәселелерін жедел шешуге арналған ашық алаң болып табылады. Инвесторлар облыс әкімі, қаржы ұйымдары және жауапты басшылармен тікелей диалог орнатып, өзекті мәселелер талқылады. Отырыста облыс басшысы тарапынан кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсету бойынша тапсырмалар берілді. Шешу жолдары ұсынылды. Сондай-ақ облыс әкіміне Созақ және Бәйдібек аудандарының аумағында инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы егжей-тегжей баяндалды.
Дархан Сатыбалды таныстырылған жобалардың маңыздылығына назар аударып, аудан басшылары мен жауапты сала басшыларына инвесторларға қолдау көрсетуді тапсырды. Аудан, қала әкімдерінің жұмысы инвестиция тартумен, халықты жұмыс орнымен қамтумен бағаланатынын еске салды. Жауапты тұлғаларға инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыруды міндеттеді. Облыс әкімдері кей аудан басшыларының инвестиция тартудағы жұмыстарын қатаң сынға алды.
– Жаңа инвестициялық жобаларды қолдап, кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы орта қалыптастыру қажет. Әр ашылған кәсіпорын халықтың әл-ауқатын арттыруға, тұрмыс деңгейін көтеруге ықпал ететіні сөзсіз. Сондықтан ел игілігі үшін билік пен бизнестің тығыз жұмыс істеуі маңызды. Әр әкімнің негізгі міндеті – халықтың табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу. Осыны әлі де білмей жүргендер бар. Ізденіңіздер, жобалар ұсыныңыздар! Бұл бағытта жұмыстарыңыз нашар. Көрші елдерден, облыстардан тиімді жобаларды жүзеге асыруды үйреніп, тәжірибе жинап, жаңа жұмыс орындарын ашу керек, – деді Дархан Сатыбалды.
Осы орайда Сауран ауданындағы 300 гектар алқапта жаңбырлатып суару әдісімен жоңышқа өсіру және сүт-тауарлы фермасының құрылысы таныстырылды. Кәсіпкерлерлерге қаржылай қолдау қажет екен. Отырыста оның жолдары ұсынылды. Сонымен қатар Қазығұрт ауданында сүт-тауарлы фермасы салынбақ. Құрылысқа керек жер іздестірілуде. Сауран ауданындағы пластикалық орындықтар шығаратын фабриканың құрылысы бойынша қолдау қажет. Сайрам ауданындағы ет бағытындағы құс фабрикасының құрылысына да қолдау керек. Инвесторлар тарапынан Сайрам ауданындағы оңалту-сауықтыру орталығын кеңейту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сарыағаш ауданында мал бордақылау алаңын кеңейту және малды сою бекеті, экспортқа ет дайындау инвестициялық жобалары жүзеге асады.
Атап өту керек, Түркістан өңірінде индустриалды аймақтардың аумағы кеңейтіліп жатыр. Инвестициялар тартудың қолайлы экожүйесін құру жүзеге асу үстінде. Инвесторларға индустриалды аймақтар мен «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағы аумақтарында «Greenfield» және «Brownfield» өнеркәсіптік алаңдары ұсынылады.
Расында да, инвестициялық саясат – экономика мен өндірістің қалыптасуы мен дамуының қайнар көзі, қуатты құралы. Оған басымдық беру – кез келген мемлекеттің ел басқарудағы басты, берік ұстанымдарының бірі. Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында: «Шетелден тікелей инвестиция тарту жұмыстарын барынша жандандыру қажет. Онсыз алдағы уақытта экономикалық өсім резерві шектеулі болады. Бұл – атқарушы билік басымдық беруге тиіс міндеттердің бірі», — деп атап көрсетті.
Кейінгі кезеңде әлемнің түкпір-түкпірінде орын алып жатқан түрлі толқулар, қақтығыстар, ірі державалар арасындағы саяси шиеленістер, жаһандық дағдарысқа қарамастан, еліміз шетелдік инвестициялар үшін тартымды болып қала береді және осы бағыт бойынша ТМД елдері тұрмақ, Орталық Азия аумағындағы бірден-бір көшбасшы. Тәуелсіздік жылдары елімізге шамамен 400 млрд. долларды құрайтын тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) тартылды. Жан басына шаққандағы ТШИ ағыны бойынша да посткеңестік кеңістікте басты орындамыз.
Дегенмен қазіргі аса күрделі геоэкономикалық және геосаяси ахуалда осы жағдайды сақтап қалу және нығайту үшін шетелдік инвестициялар тарту ісінде белсенді түрде, оралымды әрекет етіп, инвесторлар үшін неғұрлым оңтайлы жағдайлар жасауға ұмтыла беруіміз керек. Қазіргі таңда елімізде инвестициялық қызмет үшін берік нормативтік-құқықтық негіз және қолайлы жағдайлар жасалған. Республика тәуелсіздік алғаннан бері 47 екіжақты және 1 көпжақты (ЕАЭО) Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды.Италия мен Түркістан облысы арасындағы байланыс тереңдей түсті