Түркістан облысына шетелден келетін қонақтардың саны артып отыр. Е-Qonaq желісіндегі сараптамалық көрсеткіштерге сүйенсек, биылғы жылдың І тоқсанында 4485 шетел турисі келген. Олардың қатарында Өзбекстан, Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Түркия, Тәжікстан, Франция, ҚХР, АҚШ, Украина, Оңтүстік Корея, Үндістан елінің тұрғындары бар. Бұл былтырғымен салыстырғанда 5 есе көп. Өткен жылдың алғашқы үш айында бұл көрсеткіш – 980, 2022 жылы 358 болған.
Шетелдіктердің басым бөлігі туризм мақсатында келген. Бұдан бөлек іскерлік байланыс орнату үшін жұмыспен келсе, енді бір бөлігі мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысқан.
Айта кетейік, биыл «Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы» мәртебесі ресми түрде жаңа маусыммен ашылған болатын. Жыл бойы өткізілетін «Рухани мекенде неке қию» туристік іс-шарасы, «Көне түркі дәстүрі» этнофестивалі, «Әуе шарлары» фестивалі, «Түркі әлемінің тағамдары – ТӘТТІ» гастрофестивалі, «Туристік астана келбеті» Түркі елдері өкілдеріне арналған ақпараттық тур, страйкболдан «Түркі қырандары» халықаралық чемпионаты (Airsoft), «Қымызмұрындық» фестивалі, «Tourist Time» телевизиялық жобасы өткізіледі. «Voice of Turan» халықаралық қазақ әндері фестивалі бұл жолы таулы аймақта, ашық аспан астында ұйымдастырылады деген жоспар бар. Үш күндік ауқымды шарада 20-ға жуық мемлекеттен өнерпаздар арнайы келіп, қазақ әндерін шырқайды деп күтілуде. Өңірде халықаралық деңгейде – 25, республикалық деңгейде – 23, облыстық деңгейде – 56, жалпы 100-ден астам іс-шара өткізу жоспарланып отыр.
Төле би ауданының географиясына көз жүгіртсек, Қазақстанның туристік – рекреациялық мүмкіншіліктеріне кіретін көптеген тартымды, қызықты табиғи ресурстары мен тарихи-мәдени мұраларын кездестіруге болады. Ия, Оңтүстік өңірінің жауһары Төлеби ауданына сұлу табиғатты Жаратқан аямай-ақ берген екен. Жердің жәннатына балайтын өлке Тянь-Шань тауының сілемдерінде созылып жатыр. Ақсу өзені өзінің бастауын Тянь-Шань тауынан арнасын алады. Аудан аумағынан өтіп, Сайрам, Ордабасы аудандарының тоғысқан жеріне — Арыс өзеніне барып құяды. Тау суы тұнық, ал дәмі керемет, әрі балдай. Таудың қоңыр салқын ауасы мен табиғатының шексіз сұлулығына қызығушылар үшін Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы таптырмас демалыс орны болы саналады. Парк территориясында Өгем жотасының ең биік жері Сайрам шыңы болса, Өгем, Сайрамсу, Қасқасу, Біркөлік, Машат, Даубаба және Көкбұлақ өзендері де ағып өтеді.
Ұлттық саябақта 7 табиғат зонасы бар. Шөлейттен бас-тап тау зонасына дейінгі, яғни онда өсімдіктің 1635 түрі, сүтқоректілердің 59 түрі, құстардың 300 түрі кездеседі. Парктің өсімдік әлемі өте ерекше. Мұнда «Қызыл кітапқа» енген өсімдіктердің 240 түрі өседі. туристік соқпақ-тардың (бағыттардың) ішінде: – 4 атты-жаяулы бағыт (яғни саяхатшылардың қалауы бойынша бағыт аттылы немесе жаяу болуы мүмкін), 4 таза жаяу бағыт және 1 аттылы бағыт қамтылған. Өгем шатқалының сұлу табиғаты да талайларды таңқалдырып келеді. Табиғаттың берген осынау ырзығын пайдаланып, аудан имиджін туризм саласы арқылы қалыптастыру қолға алынуда.