Өшпес ерлік пен қаһармандықтың мерекесі – Ұлы Жеңіске 79 жыл. Бұл күні – сұрапыл жылдары майданда кеуделерін от пен оққа тосып, ортақ Отанымызды қорғаған ата-бабаларымызға құрмет көрсетіп, еске алу күні.
Шымкенттен Ұлы Отан соғысына 23 мыңнан астам адам қатысқан. Ортақ жеңіс үшін өмірлерін құрбан еткен қаһармандардың ерлігін мәңгі жадымызда сақтау – азаматтық парызымыз.
Мәліметтерге сүйенсек, майданға Қазақстаннан 1 млн. 200 мың жауынгер аттанған екен. Қазақстан азаматтары соғыста алғы шепте ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Соғысқа кеткендер қазақстандықтардың тең жартысы – 600 мыңдайы оралмады. Қазақстандық 500-ге жуық жауынгер, оның ішінде 7 шымкенттік азамат Кеңес Одағының Батыры атанды.
Ерлер етігімен от кешкен сол кезеңде тылда қалған кәрі-құртаң шал мен әйелдердің, балалардың еңбегі орасан болды. Сол жылдардағы деректерге қарағанда, соғыста неміс басқыншыларына қарсы атылған он оқтың тоғызы – Қазақстанда, соның ішінде жетеуі – Шымкент қорғасын зауытында жасалынып жатты. Жерлестеріміздің Ұлы Жеңісті жақындатуға қосқан үлесін шағын мақалада тізбелеп айтып шығу мүмкін емес.
Жыл өткен сайын осы Ұлы Жеңіске үлес қосқан, жас ұрпаққа естелік айтар ардагерлеріміздің саны да мүлдем азайып барады. 1945 жылдан бері бірнеше ұрпақ ауысты. Сол бір қасіретті жылдарды жас ұрпақтың жадында қалдыру үшін, соғыс жайлы естеліктерді жыл сайын қайталап отырғанның артықтығы жоқ. Соғыс туралы шындықты жас ұрпақтың санасына сіңіріп отыруға міндеттіміз. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтардың рухына бас иіп, олардың ерлігін қастерлеу – кейінгі буынның парызы. Бұл ретте Ұлы Отан соғысы туралы тарихи жадыны сақтауда музейлердің рөлі ерекше. Себебі, музей – тарихи-ғылыми дерек ретіндегі ескерткіштерді, өнер туындыларын, мәдени құндылықтарды және тағы да басқа маңызды мұраларды сақтап, жинақтап, ғылыми-танымдық қызмет атқаратын мекеме. Музей ғылымның, білімнің, мәдениеттің қалыптасуына ықпал етеді.
Шымкент қаласының саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің «Ерлік» бөлімінде Ұлы Отан соғысына қатысқан солдаттар тұтынған заттар, киімдер, елге жазылған хаттар, орден -медальдар, басқа да ерлікті дәріптейтін ескерткіштер жинақталған.
Осынау Ұлы ерлікке құрмет ретінде музейде ұлттық патриотизмді нығайтуға бағытталған түрлі тағылымдық шаралар өткізіліп тұрады. Музейдің «Ерлік» бөліміндегі жәдігерлер – елдің тарихын, ерлік дәстүрін қастерлеген, қаһарман әкелер ерлігі мен рухына деген құрметтің көрінісі. Бүгінгі бейбіт өміріміз бен біртұтас елдігіміз – аға ұрпақ өкілдерінің жанқияр ерлігі мен еңбегінің, қайсар рухының жемісі.Сондықтан да олардың ерлік істерін мақтаныш етіп, бастаған істерін алға сүйреуге міндеттіміз.