Қариялардың үйіне барып, ауласын тазарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.
Шымкентте республикалық акцияның “Өнегелі ұрпақ” апталығы аясында тазалық шаралары жүргізілді. Акцияға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты. Мегаполис басшысы қазыналы қарттарымызбен, қала тұрғындарымен және еріктілермен бірге тұрғын үй аумағын тазалады. Акция барысында шөп орып, айналаны қоқыстан тазартты және ағаш ақтады. Сонымен қатар, экологиялық шара аясында қала жастары, мәслихат депутаттары мен белсенді азаматтар қарттар үйіне барып, ауласын абаттандырды. Ал, демеушілер қайырымдылық көмек көрсетті. Сондай-ақ, қала әкімінің орынбасары С.Құранбек бастаған азаматтар 100-ге келген ҰОС ардагері Нина Мосунованың үйіне барып, ауласын тазалады. Белсенділер ағаш түбін қопсытып, қораларын сырлап берді. Бұдан бөлек, барлық басқарма мен аудан әкімдігінің қызметкерлері, қала жастары мен еріктілер қарттарымыздың батасын алып, экологиялық шараға өз үлесін қосты. Жалпы “Өнегелі ұрпақ” апталығы аясында қаладағы барлық көмекке мұқтаж қарттарды қамту қарастырылған. Қариялардың үйіне барып, ауласын тазарту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.Айта кету керек, Шымкентте республикалық акция басталғалы бері тазарту, абаттандыру жұмыстарымен қоса көшеттер мен түрлі гүлдер отырғызу жұмыстары да жалғасып жатыр. Қала көшелерінің жағалауына отырғызылған алқызыл, сары, көк гүлдер қаланың ажарын аша түсуде. Дегенмен, тек қана көшеттер мен гүлдер ғана отырғызылып жатқан жоқ, сонымен бірге күнделікті тазалық жұмыстары да тоқтаусыз атқарылып жатыр. Апталық барысында ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумақтары тазаланады, абаттандырылады. Жалғызілікті, зейнеткерлерге көмек көрсетіледі. Осыған орай Абай ауданына қарасты Достық шағынауданының тұрғыны, зейнеткер Сара Шырынбекқызының үйінде де тазалық жұмыстары жүргізілді. Сара апаның ауласында шөп ору, тал әктеу жұмыстары мен қатар үй маңы тазаланды.
Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен қалалардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берген болатын. Оның ішінде cу тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырды. Сонымен қатар жолдарды ретке келтіру міндеті жүктелген еді.