«Киелі мекен» апталығы аясында өтіп жатқан #TazaShym жалпықалалық шарасы Қаратау ауданында да жалғасын тапты. Аудан әкімдігі іс-шара барысында Қаратау ауданында орналасқан кесенелер мен зираттарды тазартуды жоспарлап отыр. Аудандағы бүгінгі іс Сайрам тұрғын алабындағы Қарашаш ана кесенесін тазалаудан басталды. Игі шараға аудан әкімдігі, «Қаратау коммуналдық мекемесі», аудан тұрғындары, еріктілер, оқушылар атсалысты. Тазалық акциясы аясында кесене маңындағы ағаш, бұталар ретке келтіріліп, түптері ағартылды. Бордюрлер мен орындықтар, қоршаулар сырланды. Кесене маңындағы өсіп кеткен шөптер орылып, кесененің іші, сырты шаңнан тазартылды.
– Бүгінгі игі шараға ауылымыздың тұрғындары жас демей, кәрі демей түгел қатысып отыр. Бұл тазалық акциясы тазалықты ғана насихаттап қоймай, елімізді бірлікте болуға, өзінің Отанын, туған жерін, қаласын сүюге тәрбиелеп жатыр деп ойлаймын.Біз, зиялы қауым өкілдері, Мемлекет басшысының игі қадамын қолдап, белсене атсалысып келіп отырмыз, — деді Сайрам тұрғын алабының төбе биі Хавазмат Төлеметов.
Айта кетейік, бүгінгі шараға Жастар ресурстық орталығынан 20-ға жуық ерікті, тазалық мекемелері, зиялы қауым өкілдері, аудан жастары, мектеп оқушылары, жалпы 100-ге жуық адам атсалысып, аталған аумақта тазалық жұмыстарын жүргізді. Тазалық жұмыстары ертең Ибрагим ата кесенесінде жалғасып, жалпы апталық аясында 4 кесене мен бірнеше зиратты тазарту жоспарланып отыр.Еске салсақ , «Таза өлке» апталығы аясында өтіп жатқан #TazaShym жалпықалалық шарасы Әл-Фараби ауданында орналасқан «Шымқала» тарихи-мәдени кешені аумағында жалғасты. Мәдениет саласының мамандары мен зиялы қауым өкілдері, тарихшы, этнографтар тарихи-мәдени кешеннің аумағы, оның айналасындағы көшелер мен өткелдер, арық-атыздарды күл-қоқыстан тазартып, ағаш көшеттерінің түбін қопсыту, түптерін әктеу, орындықтарды, қоқыс жәшіктерін, шамдарды тазалау жұмыстарына қатысты.
– Қыстың тоңы кетіп, айнала көгеріп жатқанда Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып отырған іс өте орынды деп есептеймін. Әрбір елін, жерін сүйетін ұлтжанды азамат қоршаған ортаға деген қамқорлығын осы тазалық акциясына атсалысу арқылы көрсете алады. Елімізде осындай пайдалы, игі шаралар қатары арта берсін, — деді жазушы Момбек Әбдәкімұлы.
«Шымқала» тарихи-мәдени кешені аумағында өткен акцияға 250 азамат атсалысып, кешен аумағын қоқыстан тазартты. «Тазалық өзімізден, қоршаған ортаға деген көзқарасымыздан, тұратын, жұмыс істейтін, білім алатын жерден басталады. Ал, оның барлығы өскелең ұрпақтың бойына отбасындағы тәрбиемен келетін қасиет. Асанбай Асқаров атындағы дендробақта бүгін Абай ауданының тұрғындары, жастары жиналып, көктемгі шаруаларға атсалысып жатқаны қуантады. Игі іс әрдайым жалғасын тауып, қаламыз көркейе түссін!». Абай ауданына қарасты Қызылжар шағынауданы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Бастархан Байжанов қария жастарға осылай деп батасын берген еді.