Қазіргі таңда азаматтардың дәстүрлі діннен адасып, өзге діннің жетегінде кетіп жатқандығы — қоғамның өзекті мәселесіне айналып отыр. Өйткені, ислам діні біреу болғанымен сан тарауға жіктеп алып, ел арасында іріткі салып жүргендер де қатарымыздан табылуда.
Осы орайда, Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері арнайы дін саласының мамандарымен бірлесе, қаламыздағы оқу орындарының жастарымен жиі жүздесіп жүр. Кезекті кездесу — Лидер инновациялық колледжі мен Инновациялық-технологиялық колледжінде «Дәстүрлі емес діни ағымдардан сақтан!» тақырыбында өтті.
Кездесуге «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Жұмаділлә Бексұлтан және «Қоғамдық келісім» КММ-нің қызметкері Әбдікәрім Нұржан қатысып, түрлі кереғар діни ағымдардан сақтану жолдары мен оның алдын алу туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Қазіргі заман жастарына басты қауіп қатер деструктивті діни ағымдар тарапынан болуда. Себебі, діни ағымдар өз қатарына адамдарды, әсіресе жастарды баулап алу үшін, жастардың психологиялық, психикалық жай күйін бақылап, талдау жасау арқылы қолдарындағы бар мүмкіндікті пайдаланып, ғаламтор желісінде сапалы түрде ақпараттық материалдар жариялайды.Қазір барлық адамзаттың ғаламтор желісін қолдануы заңдылық. Әсіресе, жастар үлкен буын өкілдеріне қарағанда ғаламтордың мүмкіндіктерін жетік меңгерген. Сондықтан, олардың осындай амалдар арқылы өзіне тартатын деструктивті ағымдардың әсеріне ұшырау қауіпі жоғары.
Сонымен қатар жастардың діни идентификацисының қалыптасуындағы маңызды факторлардың бірі – діни дүниетанымның, сананың қалыптасуы болып табылады.
Діни экстремизм мен терроризмнің кеңінен таралуы осы жағдайдан пайда болып жатады. Олар өмірде әлеуметтік тұрғыда қандай жағдайға ұмтылу керектігін, сол бағдарламаланған мақсаттарды қандай тиімді жолмен іске асыру қажеттілігін, неге қуанып неден қашу керектігін шешеді. Тәжірибесіз жас діни ойындар мен соғыстардың «ойыншысы мен орындаушысына» қалай айналып кеткенін өзі де түсінбей, сезінбей қалады.
Қазіргі таңда қоғамның тұрмыс-салты мен дүниетанымының жүйесі ретіндегі діннің рөлі айтарлықтай өсті. Діннің қоғамдық қатынастарға, қоғам санасының діни компонентін қалыптастыруға ықпал ету әсері күшейіп, кеңейе түсуде. Халықтың әртүрлі топтар өкілдерінің рухани, соның ішінде діни өмір салтына деген қызығушылығы артуда.
Экстремизм мен терроризм идеологтары дінді пайдаланып, діни риториканың ерекше әдістерін қолдана отырып, халықтың белгілі бір топтарының ой-санасына теріс ықпал ете білді. Көп жағдайда әлеуметтік белсенділігімен ерекшеленетін, идеологиялық ықпалға тез түсетін қоғамның ерекше тобы саналатын жастар теріс пиғылды діни насихаттық қызмет үшін ыңғайлы нысанаға айналды. Жас ерекшеліктеріне қарай ізденгіш және білуге құмар болып келетін жастар қылмыс әлемінің, соның ішінде шетелдік және халықаралық субъектілердің тарапынан айлакерлікпен жасалған идеологиялық тұзаққа жиі түсетін болды.
Имамдар, дін қызметкерлері және жалпы дін саласындағы беделді азаматтар жастарды рухани-адамгершілік тұрғысынан тәрбиелеуде елеулі рөл атқарады. Алайда қазіргі уақытта діни білім беру жүйесі бүгінгі күннің талаптарына және жастардың рухани сұраныстарына толық сәйкес келеді деп айта алмаймыз. Кейбір имамдардың ой-пікірлерінің тайыздығын, жастарға үлгі болатын мінез-құлықтарының жоқтығын көріп қынжыламыз. Зәру сұрақтарға жауапты діннен іздеген жастар оларды мешіттерден, дін қызметкерлерінен әрдайым таба бермейді. Кейде жастардың мешітке кіргенде діни қауымның кейбір өкілдерінің пайдакүнем, тәкаппар мінездерін көретіні жасырын емес. Сондай сәттерде, әрине, жастар діни экстремизм идеологтарының қолына оңай түсуі мүмкін, мұндай жағдайлар бұған дейін де орын алған.
Діни ұрандарды жамылып, қолынан кінәсіз жандардың қаны тамған лаңкестер шын мәнінде қаһарман емес. Бетперденің және «мужахид» имиджінің артында адамдарға билік жасауды көксеген, баюдың ең арсыз мүдделерін көздеген, махаббат пен имандылықтан жұрдай жүрексіз, кейде тіпті психикасы бұзылған субъект жасырынып тұрады.