Белгілі поэзия ақыны, жерлесіміз Әбілда Аймақ көзі тірі болғанда 70 жасқа келер еді. Қазақтың біртуар ақынының мерейтойын Шымкенттегі Әл-Фараби атындағы кітапханада еске алу кеші өтті. Шараға ақынның замандастары, шәкірттері мен ұл-қыздары арнайы қатысты. Кеш өңірде қолға алынған Әбілда Аймақ апталығының 4-ші күнімен тұспа-тұс келді.
Әбілда Аймақ 1954 жылы 13 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданына қарасты Қ.Мұңайтпасов ұжымшарында дүниеге келген. Сонда жұмыс істей жүріп, орта мектепті сырттай оқып аяқтады. Қазіргі ХҚТУ Шымкент бөлімінің филология факультетін 1990 жылы тамамдады. 1972 жылдан 1981 жылға дейін аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі, 1981–1990 жылдары Шымкенттегі «Шымкентқұрылыс» тресіне қарасты мекемелерде тас қалаушы, 1990 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағы облыс аралық бөлімшесінің қызметкері, 1993 жылдан осы бөлімшенің директоры.
Жырлары 1972 жылдан бері баспасөз беттерінде жарияланып келеді. 1984 жылы жас ақындардың дәстүрлі жыр жинағы «Қарлығашқа», сондай-ақ «Мерейлі мекен», «Мүшайра – 92», «Түркістан», «Сарыағашым – сырлы өлкем» ұжымдық жинақтарына өлеңдері енген. Ақынның «Ләйлә», «Домалақ ана кесенесі», «Жүрегімде махаббат», «Алтын бесік», «Жақсығұл мерген», «Билік биігінде», «Ақжол», «Парасат биігі» атты кітаптары жарық көрген. 2003–2004 жылдары Таңдамалы ІІ томдығы шыққан. «Оңтүстік Қазақстан. Шығармашыл зиялылар», «Ел ағасы», «Ел анасы» кітаптарын құрастырған.
1993 жылғы республика ақындарының қатысуымен Алматыда өткен жабық конкурстың бас жүлдегері, Қ.Қазиев атындағы сыйлықтың иегері. 2004 жылы Анкарада өткен дүниежүзі жас түрік ақындарының Физули атындағы байқауына қатысып, жүлдегер болған. Ордабасы ауданының Құрметті азаматы. ТМД елдері бойынша интернационалист жауынгерлер комитетінің медалімен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Өмірі өлеңге айналған ақынның өміршең өлең-жыр шумақтары жұртшылық жүрегінде жатталып жүр. Ән болып шалқып-шарықтайтыны қуантады. Әбілда Аймақтың 70-ке жуық еңбегіне ән жазыған. Оны тыңдарманға ұсынып жүргендер осы кеште сол шығармаларды орындап берді.
Ақынның жанын ұғып, әрдайым қасынан табылып-қолғанат болған жандар бас қосты. Олар жастар үшін Әбілда Аймақтың талғамы биік шығармашылығы мен өмір жолын бірауық еске алып, айтып отыр. Ал шәкірттері ақын турыалы тың деректермен бөлісті.
Айтып өтейік, 18 жасынан өлеңге қалам тартқан Әбілда Аймақ 22 жыл бойы облысымыздағы жазушылар одағын басқарды. Талай шәкірт тәрбиеледі. Бүгінге дейін оқырманындарына 17 кітап сыйлап үлгерген ақын 60 жасында өмірден озды. Бірақ қаламгердің кітап қазынасы мен қолтаңбасын жалғаушы жас толқын мұқалмақ емес, ақынның өзі іргетасын қалаған «Темірқазық» әдеби клубының жұмысын жандандырып келеді.