#TazaShym жалпықалалық тазалық іс-шарасы мегаполистің ірі магистральді көшелері – Республика, Тәуке хан, Б.Момышұлы даңғылдарында, А.Байтұрсынов пен Желтоқсан көшелерінің қиылысында да жалғасты. Әл-Фараби және Тұран аудандарына қарасты аумақта өткен жұмысқа екі ауданның тұрғындары, Шымкент қалалық орыс драма театрының директоры И.Вербицкий мен қалалық Жастар ресурстық орталығының жастары қатысты.
– Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып отырған республикалық «Таза Қазақстан» акциясы жастар тарапынан ерекше қолдауға ие болып отыр. Игі шара қаланың көркеюіне, қоршаған ортаның тазаруына ғана әсер етіп қоймай, жастардың елге, жерге деген сүйіспеншілігін, Отанымызға деген махаббатын арттыра түсетіні анық. Бүгін қалалық Жастар ресурстық орталығының жастары, қаладағы жоғары оқу орындардың студенттері таңнан бері «Таза өлке» апталығы аясында ұйымдастырылып отырған #TazaShym шарасында белсенділік танытып отыр, — дейді қалалық Жастар ресурстық орталығының басшысы Заманбек Орынбеков.
Айта кетейік, тазалық жұмыстарына мыңнан астам белсенді жас пен студенттер қатысып, 13 аялдаманың қабырғалары мен орындықтарын жуып, қоқыс жәшіктері, аяқжол айналасын қоқыстан тазартты. Сонымен қатар, 600 түп ағаш әктеліп, 1 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.Шымкент – жасыл желегімен, саябақтары мен ондағы ағаштардың алуан түрлілігімен ерекшелетін қала. Ел Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы аясында мегаполистегі саябақ, гүлзарларда да көктемгі тазалық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осындай саябақтардың бірі – Еңбекші ауданында орналасқан «Қазақстан-Түркия достастығы» саябағы.
– «Эталон» тазалық компаниясы мегаполистегі 10 саябақ, 44 аллея, сквердің тазалығы мен күтіміне жауапты. Біз жылдың 4 мезгілінде тиісті күтімін жасап отырамыз. Ал, бүгін #TazaShym тазалық шарасының аясында аудан тұрғындары, қаламыздағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен жастардың қатысуымен өтіп отыр. «Қазақстан – Түркия достастығы» саябағындағы жұмысқа 200-ге жуық азамат пен 6 арнайы техника жұмылдырылды.Мамандар аумақты дезинфекциялап жатыр, -дейді «Эталон» тазалық компаниясы филиалының басшысы Жансұлтан Хозадиас.
Екі ел достығының нышанына айналған саябақтағы шараға қаладағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері де атсалысып, үлестерін қосуда.
– Мемлекет басшысының аумақтарды көгалдандыру, абаттандыруға қатысты берген тапсырмасына орай еліміздің түкпір-түкпірінде игі істер атқарылып жатыр. Бұл іске Шымкент қаласындағы этномәдени бірлестік өкілдері де атсалысып, «Қазақстан–Түркия достастығы» саябағына жиналып, өз үлестерін қосып отыр. Барша қазақстандықтарды игі істі қолдап, атсалысуға шақырамын. Ораза айт мейрамы құтты болсын, — деді «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Л.Асанов.
Сонымен қатар, ғалым, тарих ғылымдарының докторы Д.Қожамжарова, қалалық Жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы А.Сұлтан, Еңбекші ауданының тұрғыны белсенді ардагер Р.Колесниченко барша шымкенттіктерді тазалық шарасына атсалысуға шақырды.
Акция қатысушылары саябақтағы қоқыс жәшіктерін тазартып, ағаштарды әктеді. Одан бөлек, шағын аудандардың аулаларын, орындықтарды, балалар алаңшаларын ретке келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, Еңбекші ауданының аумағындағы тазалық жұмыстарына 1200-ден астам адам қатысып, 17 арнайы техника жұмылдырылған. Бүгінге дейін аудан аумағынан 56 текше метр қоқыс шығарылып, 14 шақырым ирригациялық жүйелер тазаланды.