Түркістан облысында алимент төлемей жүрген 6 әкенің жеңіл автокөлігі айыппұл тұрағына қамалды. Бұл туралы Түркістан облысы жеке сот орындаушыларының өңірлік палата басшысы Мақсат Сауран мәлімдеді.
Мақсат Зұлбұхарұлының айтуынша, көліктері айыппұл тұрағына қамалған 6 азаматтың 1 млн 634 мың , 400 мың , 8 млн 341 мың, 841 мың , 1 млн 181мың және 4 млн 768 мың теңге көлемінде берешектері болған. Аталған борышкерлердің төртеуінен қарыздары өндіріліп, көліктері айыппұл тұрағынан шығарылса, екі азаматтан берешек қарызын өндіру жұмысы жалғасауда.
Жалпы жыл басынан бері Түркістан облысында алимент төлемей, жауапкершіліктен жалтарып жүрген азаматтардан 143 млн 554 мың теңгеден астам қаржы өндірілген. Сондай-ақ, 31 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның 14-і қамауға алынған. Ал 2023 жылы алимент төлеуден жалтарған 4 азаматқа қатысты қылмыстық іс козғалып, нәтижесінде екі азамат бас бостандығынан айырылса, қалған екеуіне бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған.
Бүгінде Түркістан облысында 20 мыңға жуық азамат алимент төлеуге міндеттелген. Борышкерлерден алимент өндіру жұмыстары жеке сот орындаушылар тарапынан белсенді түрде жүргізілетін болады.