Бүгінгі таңда жемқорлық мәселесі тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің басқа да елдері үшін аса өзекті мәселе болып табылады. Жемқорлық – мемлекеттің, қоғамның дамуына тежеу болатын, болашағына кесірін тигізетін індет. Оның тамырына түбегейлі балта шаппайынша, мемлекетте тұрақты өсу-өркендеу болмайды.
Сыбайлас жемқорлықтың ерекше белгісі – ол қылмыс субьектілерінің өз қызмет бабын, құқықтық мәртебесін және қызмет мүддесіне қайшы әрі құқық пен ар-ожданның қалыптасқан нормаларына көзқарасы бөлек лауазымның беделін пайдалану жолымен істелінеді.
Сыбайлас жемқорлық ел экономикасының көтерілуіне үлкен кедергі келтіріп отырған қоғамымыздың ең басты қауіп-қатерлерінің бірі болып саналатындықтан, оның алдын-алу, болдырмау мақсатында жастардың санасына адамгершіліктен айыратын табыс табудың оңай түрінің соңы неге апаратындығын жете түсіндіруіміз керек.Сондықтан, қазіргі таңда қалыптасып келе жатқан азаматтық қоғамда әр тұлғаның санасына құқықтық мәдениетті қалыптастыру аса маңызды болып табылады. Сол себепті де, құқықтық мәдениетті одан әрі арттыру, түсіндіру, азаматтарды құқықтық оқыту мен тәрбиелеу жөнінде көптеген шаралар ұйымдастырылып келеді.
2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлықпен күресу стратегиясының құқықтық мәні – жеке адамның немесе бір топ адамдардың қызмет жағдайын өз басының мүддесіне қарай пайдалануы мен мемлекеттік қызметкерлердің қызмет бабын заңсыз пайда алуға бағыттауының жолын кесу.
Сыбайлас жемқорлық түсінігіне анықтама беруде әртүрлі көзқарастардың болуы осы құбылыстың өте күрделі мәселе екенін білдіреді және оны жан-жақты зерттеуді талап етеді.
Біздің түсінігіміз бойынша сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық категория ретінде лауазымды тұлғалар мен қоғамның жекелеген мүшелері арасындағы үшінші тараптың мүддесіне зиян келтіре отырып, пайда алу мақсатында өз лауазымын пайдалану болып табылады.
Сыбайлас жемқорлық мемлекеттік басқарудың тиімділігін, елдің инвестициялық тартымдылығын төмендететіні, әлеуметтік-экономикалық дамуды тежейтіні баршаға белгілі.
Біздің елімізде қазіргі заманғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама жұмыс істеуде, оның негізі – «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» және «Мемлекеттік қызмет туралы» заңдар. Сонымен қатар, бірқатар бағдарламалық құжаттар іске асырылуда.
Жемқорлық – қызметтік лауазымды пайдалана отырып, оны жеке мүддеге пайдалану.Сыбайлас жемқорлық мемлекеттік басқару жүйесін бұзып,экономиканың дамуына шектеу қояды. Жемқорлықпен күресу күнтүзбеден түспейтін мәселелердің негізгісі болып қала бермек. Үлкен дертке айналған сыбайлас жемқорлықтың алдын алу туралы дау аз айтылып жатқан жоқ. Қоғамымызға парақорлық қандай зиян келтіріп отырғаны белгілі, дегенмен «алтын көрсе періште жолдан таяды» деп қолдарын жеке бас мүдделігінен аулақ ұстауын қояр емес.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреспен тікелей айналысатын прокуратура, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер, салық, кеден, шекара қызметтері, қаржы және әскери полиция секілді арнайы органдар бар. Бірақ, бұл тек қана осы органдардың қызметі деп түсінсек, қателескеніміз болар еді. Себебі бұл дертпен қоғам болып күреспесек, толық айығу мүмкін емес. Ал, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте көмектескен адам мемлекеттің қорғауында болады. Қажет болған жағдайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізетін органдар ол адамның жеке бас қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Жәрдем беруші адам туралы ақпарат мемлекеттік құпия болып есептеледі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтіп, одан бір нақты нәтиже шығармай, алға қойған мақсатқа толық жете алмаймыз.
Жемқорлықпен күрес – науқандық шара емес. Ол тек құзырлы мекемелердің ғана міндетіне жатпайды. Онымен әрбір ұжым,бүкіл халық болып күресуіміз қажет.
Шері Мейрамкүл Ақәділқызы
Шымкент қаласы Әділет департаментінің жетекші маманы
.