Жаңа төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов “бұл салада тәжірибесі болмағандықтан өзіне қойылған міндетті атқара алмайды” дейтіндерге жауап берді.
Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте журналистер министрліктегі ардагерлер Шыңғыс Әріновтің тәжірибесіне күмәнмен қарайтынына назар аударды. Олар ведомствода күрделі мәселелер, оның ішінде пәтер мен жемқорлық мәселесі жиналып қалғанын, жаңа министрдің оны шешуге шамасы жетпеуі мүмкін екенін айтты.
“Ол адамдардың пікіріне келсек, бәрін уақыт көрсетеді. Нақты нәтиже алты айдан кейін көріне бастайды. Сол кезде өздеріңіз де, олар да шешім шығарады. Пәтер мәселесі әлеуметтік-техникалық қамтамасыз ету бойынша күн тәртібінде бірінші кезекте тұр. Мен бұл бағытта өте қатаң алдын алу жұмыстарын жүргізем. Осы жағынан бұған дейін атқарған ведомстводағы жұмысым көп септігін тигізеді деп ойлаймын. Оған күмәнім жоқ”, – деді Шыңғыс Әрінов.
Ол мұндай жағымсыз әрекеттердің жолын тез арада кесіп отыратынын атап өтті.
Сондай-ақ министр Қазақстанның барлық өңірлерін аралап, жергілікті төтенше жағдайлар департаментінің жұмысымен танысу үшін өзіне 50 күн берді. Журналистер “неге бір ай емес дәл осындай мерзім екенін” екенін сұрады.
«Мен жобалап айта салдым. Мәселе күндерде емес, жағдайды түсінуде. Былайша айтқанда, өз аяғыммен барып, қарапайым ТЖМ күштерімен сөйлесіп, барлық аймақты айналып шығуды ойлап отырмын. Сол кезде жағдайды түсініп, дұрыс бағытта жұмыс жасау оңайырақ болады», — деп жауап берді ТЖМ басшысы.
Шыңғыс Әрінов төтенше жағдайлар министрі атанғанға дейін ҚР мемлекеттік күзет қызметі басшысының орынбасары – ҚР президенті күзет қызметінің басшысы болғанын айта кетейік.
Бұған дейін ТЖМ Алматыда зілзала болған кезде тұрғындарды қабылдауға тиіс кей пунктер жабық болса, кейбірі адамдарды ішке кіргізбегенін айтқан еді. Төтенше жағдайлар министрлігі кей қызметкерлерді тәртіптік жазаға тартуды жоспарлап отыр.