Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында үкімет пен әкімдер жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуі тиіс екенін айтты.»Алдағы міндеттерді орындау үшін Үкіметке де, әкімдіктерге де тиісті құзырет берілген. Алайда бұл мүмкіндіктер көп жағдайда дұрыс қолданылмай жатады. Соның кесірінен реформаларды жүзеге асыру қарқыны бәсеңдеп кетті. Мұндайды доғару керек. Мемлекеттік органдар арасында өзара келісу мен талқылау жұмысы аяқталғанша кез келген бастаманың негізгі мән-маңызы да өзгеріп кетеді. Бюрократияны тоқтату қажет, бізге нақты нәтиже керек. Үкімет пен әкімдер жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуге тиіс. Жұмыс барысында жүйелі ұстаным болуы қажет. Мәселені жедел шешумен қатар экономиканың ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету өте маңызды”, – деді Президент.
Ол қазіргі жағдайда экономикамыздың мейлінше еркін дамуына мән беру қажет екенін айтты.
“Елімізді дамудың жаңа белесіне шығарамыз десек, бұл жұмысты жедел және дәйекті түрде жүргізген жөн. Мен былтырғы Жолдауымда жаңа экономикалық саясаттың негізгі бағыттарын айқындап бердім. Сондықтан бүгін мен қазіргі экономикалық ахуалға қатысты өзекті мәселелерге тоқталамын”, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның салық кодексіне президент ретінде көңілі толмайтынын айтқан еді.