Ботулизм – жұқпалы аурулар арасында сирек кездесетін, бірақ адамның жүйке жүйесіне зақым келтіріп, көптеген жағдайларда арты өліммен аяқталатын, жалпы ағзаның улануына әкеліп соғатын күрделі проблемалы инфекциялық ауру.
Ботулизмнің қоздырғыштары топырақта, жеміс-жидекте немесе жануарлар мен құстардан, балықтардан дайындалған тамақ өнімдерінде кездеседі. Ауру консервіленген өнімдерді, сондай-ақ шұжықтарды, ысталған және тұздалған балықты, ет өнімдерін, көкөністерді, саңырауқұлақтарды, әсіресе үйде технологиялық қағидалар сақталмай дайындалған өнімдерді пайдаланғанда пайда болуы мүмкін.
Аурудың дамуы өте жылдам жүреді. Ботулизмнің негізгі симптомдары ,клиникалық көріністері ; көздің көруініңі нашарлауы «бұлыңғырлану»,көз алдының «торлануы» затты екеулеп көруі ,қабағының түсуі (птоз) сілекей секрециясының бұзылуы,ауыздың құрғауы,жұтынудың қиындауы,шашалып қалу,көмейінде бірдеңе тұрып қалғандай сезіну; дауыс желбезегінің зақымдануы, мұрыннан сөйлеу,тілінің күрмеленуі; тыныстың бұзылу белгілері .
Ауырған адамда ботулизмнің белгілері байқалса, өз бетімен ем қабылдамай, медициналық көмекке жүгінуді ұсынамыз. Егер науқасқа дер кезінде дәрігерлік көмек көрсетілмесе, арты өлімге әкеліп соқтыруы мүмкін.
Ботулизм ауруының алдын алу мақсатында мынадай ұсынымдар беріледі;
— тамақ өнімдерін конвервілеу кезінде санитариялық және технологиялық қағидаларды қатаң сақтау;
— базардан, сауда орындарынан, оның ішінде ретсіз сауда орындарынан үй жағдайында дайындалған, консервіленген саңырауқұлақ, көкөніс, салат, ет, ысталған бүтіндей балық өнімдерін сатып алмау;
— консервіленген өнімдерді пайдаланған кезде қақпағы көтерілген (ісінген) өнімдерді тұтынбау;
— жеміс-жидек пен көкөністерді консервілеген кезде оларды мұқият жуу және тазарту;- әртүрлі салаттар, тұздалған көкөністер дайындағанда банкілерді залалсыздандыру және санитариялық-гигиеналық талаптарды мұқият орындау.Ескерту! Аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде дереу медициналық көмекке жүгіну қажет. Дәрігердің нұсқауынсыз ем қабылдауға болмайды.
Н.Нышанов
ТО СЭБД басшысы