Әлемдегі алты мыңнан астам тілдің ішінде қазақ тілі тіл байлығы мен көркемдігі жағынан алғашқы орындардың иегері. Бүгінде қазақ тілді меңгерумен қатар, ұлттық мақтанышта құралған патриотизмнің мағынасы да күшейіп келеді. Мемлекеттік тіл – бүкіл қазақстандықтардың тілі. Сондықтан да мемлекеттік тілдің мәселесін тек еліміздің мәселесі деп қарауға болмайды. Әлемдегі өркениетті елдердегідей мемлекеттік басқару жүйесінде қызмет атқаратындардың барлығы бұл тілді білуі маңызды. Өйткені, қазақ тілі – еліміздегі халықтардың басым бөлігінің тілі. Болашақта оның мәртебесі қоғам биігінен көрінуі үшін баршамыз бірге атсалысуымыз тиіс.
Бүгінгі таңда республикамыздың мемлекеттік органдарының өзара және азаматтармен байланысын арттыру бағдарында көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Анығын айтқанда, атқарушылық іс-жүргізу және сот актілерін орындау саласында мемлекеттік тілді қолдану ажырамас бөлікке айналды.
Осы орайда, Шымкент қаласы Әділет департаментінің атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі бөлімі-филиалы мен жеке сот орындаушыларының ұсыныстары бойынша әкімшілік тәжірибе бөлімі мемлекеттік мекемелер арасында мемлекеттік тіліміздің қолданылу аясын бірізділікке түсіру, оның мәртебесін арттыру, сонымен қатар, мемлекеттік органдардың және мекемелердің сот органдарымен хат алмасуы барысында, сот жүйесінде мемлекеттік тілді кеңінен қолдануды алға қою мәселелері жайлы кездесулер тұрақты түрде өткізіліп тұратынын айта кеткеніміз абзал. Яғни, лауазымдық міндетті атқару барысында, азаматтармен сөйлесуде, әріптестермен сұхбат жүргізуде, мемлекеттік органдармен хат алмасуда міндетті түрде ана тіліміз қолданылады.
Азаматтардан арыз-шағым қазақ тілінде түскен жағдайда Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңының 11-бабына сәйкес, жауабы мемлекеттік тілде беріледі. Мемлекеттік тілдің Атқарушылық іс-жүргізудегі рөліне тоқталар болсақ, «Атқарушылық іс-жүргізу және сот орындаушының мәртебесі» туралы Заңының 8-бабына сәйкес, атқарушылық іс жүргізу және оны жүргізумен байланысты іс-қағаздарын жүргізу тілі сот шешімінің немесе орындауға жататын өзге де құжаттың тілі ескеріле отырып белгіленеді. Яғни әр сот орындаушы атқарушылық іс-жүргізуді қозғаудың алдында тиісті құжаттарды зерттеп, сәйкес іс-жүргізу шешімін қабылдайды.
Атқаруға түсетін мемлекеттік тілдегі сот актілерінің және оның барысында шығарылған атқару құжаттарының қатары жылдан-жылға артып келеді. Бұл іс-шаралар мемлекеттік тілді барлық салаларда және бағыттарда дамытуға атсалысатын бастамалардың бірі болып саналады,
Әр ұлттың өзін ерекшелейтін атрибутикалары бар. Ол ұлттың бөлінбес қасиеттерінің бірі болып саналады. Соның бірі, ұлттың сөйлейтін тілі, яғни ана тілі. Қазіргі таңда, қазақтардың ұлт ретінде әлеуметіміздегі үлесі басымдап келеді. Бұл үдеріс тілдік жағдаятта қазақ тілдің рөлі уақыт өте нығаюына ықпал етеді.
Мемлекеттік тілді дамытудың басты мақсаттарының бірі — ұлтты біріктіріп және азаматтар арасындағы дұрыс қарым-қатынасты құрастыруға ат салысу. Мемлекеттік тіл – еліміздің азаматтарын топтастырудың мықты іргетасы болары белгілі. Әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді құрметтеуге, оны үйреніп, білуге міндетті.
Бақдаулет ЖҰМАХАНОВ
Шымкент қаласы Әділет департаментінің атқарушылық өндірісті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы