Негізгі белгілері: қызу көтеріліп, қызылшаға тән теріде бөртпелер пайда болып, көз қызарып, тыныс ағзалар зақымданады.
Ауру тек науқас адамнан жұғады. Аурудың жасырын кезеңінің 2-ші күнінен денедегі бөртпелер 4 күн аралығында қатынаста болған адамдарға тыныс алу арқылы ауа-дан жұғады. Адам өмірінде қызылшамен ауырмаған болса, не егілмеген жағдайда, өзіне жұқтырады. Қызылшаның белгілері жасырын кезеңі 9-11 күн, егер иммуноглобулин алған болса, жасырын кезеңі 15-21 күнге созылуы мүмкін.
Алғашқы белгілері: қызу көтеріледі, әлсіздік пайда болады, тамаққа тәбет нашарлайды, ащы жөтел пайда болады, көз қызарып қабынады. Жұмсақ және қатқыл таңдайда теңбіл бөртпелер пайда болады. Екі ұрттың үстінде қызылшаға тән майда ақшыл бөртпелер кілегей қабығының үстінде ерекшеленіп тұрады, мұндай белгіні Бельский-Филатов-Коплик бөртпелері дейді. Сыртқы түріне қарағанда бұл бөртпелер «манна» түйіршігіне ұқсайды. Теріде қызылшаның бөртпелері пайда болғанда Бельский-Филатов-Коплик бөртпелері кетіп қалады.
Қызылша бөртпелерінің ерекшелігі: бірінші күні бөртпе бетте, мойында, екінші күні денеде, қол, сан терілерінде, үшінші күні балтыр, аяқтарда шығады, ол күні беттегі бөртпелер бозарады. Бөртпелер көлемі 2мм болып, кейде бірнешеуі бірігеді, дегенмен әрбір бөртпелер арасында таза тері көрініп тұрады. 3-4 күннен кейін бөртпелер бозарып, орны қоңырланып, жұқа қабыршықтар қалады.
Қызылшаға көздің қызарып, қабынуы, ірің шығып, таңертең кірпіктерін ашудың қиындығы, қолтық бездерінің үлкеюі, ұстағанда ауырсынуы тән. Кейде өкпеде сырыл естілуі, кейбір науқастың іші ауырып, аздап өтуі мүмкін. Қызылшаның асқынғанында ағзаның орталық жүйке жүйесінің жұмысы зақымдалып, жүйкенің қабынуынан өзгерістер көп болады. Аурудың өрбу кезінде анықтау қиындық туғызбайды. Теріде қызылша бөртпелері шықпай тұрғанда, науқастың қызылшамен ауырған ортада болуы, тамағындағы қабыну, көздің қызаруы, ұртта Бельский-Филатов-Коплик ақшыл бөртпелердің пайда болуы диагнозды растайды. Кейін теріде үш күнде біртіндеп шыққан бөртпелер диагнозды толық дәлелдейді. Басқа ұқсас аурулардан ажырату үшін, зертханада РСК, РТГА талдауларын жасайды. Жұқпаның жеңіл түрінде, үй жағдайы қанағаттанарлық болғанда, яғни кішкентай нәресте, балалардың болмауы, науқастар үйде емделеді, жұғу кезеңінде төсекте жатады. Шағымына байланысты жазылғанша дәрігер бақылау жүргізу қажет.
Қызылша ауруының алдын алу — уақытылы егу жұмыстарын жүргізу, қызылшамен ауырған науқастармен қарым-қатынасты шектеу керек. Н.Нышанов Түркістан облысының СЭБД басшысы