Бала құқығын қорғау — әлемдегі ең күрделі мәселе, нәзік тақырып. Арнайы топтар, сала мамандары талдаулар жүргізіп, қоғам болып күресу шараларын тұрақты атқаруға ұмтылуда. Әрине, проблемада жетеді. Статистика бойынша зорлық-зомбылық көрсететін қылмыскер өзі танитын, жақын араласатын балаларға зұлымдық жасайды екен. Кейбір деректер шынайылықтан алыстайды немесе жабық күйінде қалып қояды. Бұл орайда отбасы институты мен оларға арналған орталықтардың тиімділігін арттыру, балаларды өзін-өзі қорғауға үйрету, жалпы арнайы әдіс-тәсілдерді жеделдетіп қолға алуымыз керек.
Бүгін Түркістан қаласында осы мақсатта өткен жиында маңызды тақырыптар қозғалды. Балаларды жәбірлеу фактілері мен қылмыстар өңірлер бойынша Жамбыл, Павлодар, Атырау, Алматы, Қызылорда облыстарында да көп орын алатыны айтылды. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі балалар мәселесі туралы медиа алаңдарда жазғанда аса мұқият болу қажеттігін еске салды.
«Қазақстандағы балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын-алу» тақырыбында өткен дөңгелек үстелге ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшысы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, қоғамдық ұйымдар, құқық қорғау органдары және ҮЕҰ қатысты.
Түркістан облысында 400 мыңнан астам отбасы, 900 мыңнан аса кәмілетке толмаған бала бар. Өңірдегі бір мың мектепте 515 мың оқушы білім алады. 1300-ден астам балабақшада 160 мыңға жуық бүлдіршін тәрбиеленуде. Халық саны жағынан алдыңғы қатардағы аймақ ретінде бала құқықтарын қорғау бағытында проблемалар жоқ емес. Дегенмен белсенді шаралардың нәтижесінде біршама жайттың алды алынды. Ресми органдар былтыр балаларға қатысты қылмыстар 2021 жылмен салыстырғанда азайғанын алға тартуда.
Әлеуметтік аз қамтылған және жұмыссыз жастар қолдау көрсету мақсатында жұмыстар жүйеленген. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» аясында 72 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылса, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас», «Бизнес-Бастау» жобалары 28 мыңнан астам азамат жұмысқа орналасқан. 2022 жылдан бастап зорлық-зомбылық құрбандарына жедел түрде психологиялық, әлеуметтік, медициналық, құқықтық көмек көрсету жөніндегі пилоттық жоба іске асырылуда. 2019 жылдан бері жасөспірімдерге арналған Бестерек» жобасы енгізілген. Ендігі кезекте «Салауатты болашақ» жобасы жүзеге асырылады.