Мақтаарал ауданының білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің инклюзивті білім беру бойынша әдіскері А.Бердіхан «Білім беруді дамыту орталығының» жылдық жұмыс жоспарына сәйкес, әдістемелік десант құрамында болып, 2023 жылдың 16 қараша күні Әл-Фараби атындағы №12 жалпы білім беретін мектеп базасында Жетісай ауданына қарасты барлық білім беру ұйымдарының логопед-дефектологтарына әдістемелік көмек көрсетті.
Әдістемелік көмектің мақсаты: Жетісай ауданына қарасты білім беру ұйымдарындағы логопед-дефектологтардың кәсіби құзыреттіліктерін дамыту, оқу-тәрбие үдерісін жетілдіру бойынша ақпараттық жұмыстар, әдіснамалық және әдістемелік сүйемелдеу жүргізу.
Әдістемелік көмекте: инклюзивті білім беру бойынша басшылыққа алынатын құқықтық-нормативтік құжаттар, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың педагогикалық-психологиялық сипаттамасы мен санаттары, жалпы білім беру ұйымдарындағы ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуді ұйымдастыру, арнайы педагог құжаттарының бірізділігі туралы ақпарат беріп, арнайы мамандардың жұмыс барысындағы толғандырып жүрген сұрақтарына жауап берді.
Бүгінгі таңда қазақ халқының ұлттық мәдени қайта өркендеуі жағдайында жеткіншек ұрпақты заманауи функционалды сауатты етіп оқыту мен тәрбиелеудің маңызы зор. Ал заманауи функционалды сауаттылықтың бастамасы – дұрыс қарым-қатынас. Қарым-қатынас негізі дұрыс сөйлеуге, дұрыс сөйлеу дұрыс ойлауға, дұрыс ойлау дұрыс адам болуға әкеледі.
Жалпы сөйлеу тілі бұзылымы бар балалармен жұмыс жасауда, ең бірінші жоқ дыбыстарды қойып, сол дыбыстарды буында, сөзде, сөйлемде машықтандыру қажет. Дыбыстармен жұмыс жасауда бала тез қабылдауы үшін әртүрлі ойындар өте маңызды. Сондай-ақ, сөйлеу тілін дамыту қызметін ұйымдастыру жұмысында ойын әрекеті ең маңызды орын алады. Логопед бақылау, заттарды қарау, сурет қарау, жұмбақ шешу мен жаңылтпаштар айту және құрастыру, саяхат, ойын әрекеттерін ұйымдастыру барысында балалардың сөйлеу тілдерін дамытады.
Түрлі ойындар әрекетінің және ұйымдастырылған оқу қызметінің мазмұнына қарай танымдық, дамытушы ойындарды, тапсырмаларды қолдану, балаларды заттарды бір-бірімен салыстыруға, оларды қасиетіне қарай ажыратуға және оны танып білуге үйретеді. Нәтижесінде бала жас ерекшелігіне сәйкес мектепке дейінгі ұйымда бағдармалық міндетті меңгереді. Ойын ұйымдастыруда логопед балалардың ойлануына бағыт бере отырып, заттың атын немесе қасиетін есінде сақтап қалуға жол ашады, ойынға қызықтыра отырып, зейінін, қиялын, танымын дамытады.
Сонымен қатар ойын барысында бала үлкендермен, өз құрбыларымен қарым-қатынас жасайды. Әр бала өз жетістігіне қуанып, мәз болады. Сондықтан да, ойын-тапсырмаларды таңдауда және іріктеуде балалардың жас және жеке ерекшелігін ескерген жөн.