Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын жүзеге асыру және насихаттау мақсатында Жетісай жоғары медицина колледж ұжымымен кездесу өтті.
Кездесуге «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Әділхан Асауов және Жетісай аудандық мәслихат депутаттары Қаршыға Ақтөреева, Асқар Қайназаров қатысты.
Кездесу барысында филиал төрағасы Әділхан Асауов Жолдаудағы басым бағыттар жөнінде жалпылама түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жаңа өзгерістерді атап берді. Және де адами капиталды дамыту, саналы ұрпақ тәрбиелеуге назар аудару қажеттігін айтып, өз ойларымен бөлісті.
– Қазір нарық заманы. Әр адам өзін дамытып, бәсекеге қабілетті болса ғана, жетістікке жетеді. Бүгінде кәсіппен айналысуға, саналы ұрпақ тәрбиелеуде барлық мүмкіндік бар. Президент Жолдауының өн бойы экономикалық мәселелерге арналған. Халықтың әл-ауқатын көтеру, барынша халыққа жағдай жасау көзделіп отыр. Ұлт қуатты болса, ұлт сапасын жақсарта алсақ, қоғам орнықты дамиды, – деді Ә.Асауов.
Сондай-ақ, колледж ұжымын Жолдауды жүзеге асыруда бірлесе ұйымшылдық танытуға шақырды.
Бұл Жолдаудың басымдық жағы – елдің байлығы мен табысын азаматтар арасында әділ бөлінуін, Ұлттық қордың қаржысын жүйелі жұмсау, мемлекеттік жоспарлау жүйесін түбегейлі өзгерту, Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің жалпы санын кем дегенде 20 пайызға азайту, аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын беру керектігі және Президент ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды. Бұдан өзге Жолдауда бірқатар мәселелер көтеріліп, Үкіметке түрлі тапсырма жүктеді.
Ғылым мен жоғары білім беру жүйесіндегі барлық реформалар, талаптар шаралары білім берудің қолжетімділігіне ғана емес, сондай-ақ білім беру процесіне қатысушы: білім алушылар мен ата-аналардың, орта білім беретін мекемелер мен университеттердің жауапкершілігін арттыруға да ықпал ететін болады.
Мемлекет басшысы Жолдауда алдағы реформалардың бағыт-бағдарын айқындап берді, енді мемлекетімізді және қоғамның барлық саласын жаңғырта түсуге тиіспіз. Алдағы уақытта Реформалардың мазмұны жан-жақты толыға бермек.