Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Парламенттің бірлескен отырысында Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында ауыл шаруашылығын ғылымға сүйеніп дамытпаса, тоқырауға ұшырайтынын айтты.
«Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді. Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек», деді Президент.
Сондай-ақ ол шетелдің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнату керек екенін айтты.
«Біз жеке ғылыми-технологиялық бастамаларды қолдаймыз. Білім беру бағдарламаларын ауыл шаруашылығы талаптарына бейімдейміз. Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн», деді Қ.Тоқаев.
Түркістан өңірінде дәстүрлі ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Қазақстанның азық-түлік тәуелсіздігіне, қауіпсіздігіне Түркістан облысының қосатын үлесі мол. Бізде осы ауыл шаруашылығына ғылым мен жаңа технологияны енгізу мәселесі – өте өзекті. Міне, соған мұрындық ретінде біздің түсінігімізде бірінші кезекте дәл сол колледждерде жаңа технологияларды игеріп, пайдаланып үйрету колледждің флагманы болуы керек.
Сондықтан да, колледждердің жұмысына біз қайтадан баға беріп, сараптаудан өткізіп, нарық бір бөлек, колледж жұмысы бір бөлек, бір-бірімен қиылыспайтын параллель әлемде өмір сүрмеуі керек. Керісінше, біте қайнасып, бір-біріндегі өзгерістерді бірден сезіп, соған қарай бейімделуге әрекет жасауы керек деген бағыт-бағдарды өзімізге белгілеп отырмыз.
Мектеп бітірушілеріне сұранысқа ие мамандықтар бойынша кәсіптік білім алуды бағдарлау мақсатында мектеп базаларында кәсіби бағдарлау бұрыштары ашылған. Бұл туралы нақты ақпаратты оқу бөлімі бере алады. Сонымен қатар, мемлекеттік білім беру тапсырысы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 29 қаңтардағы №122 бұйрығына сәйкес, өңірдегі еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, орналастырылады. Бұл мақсатта мемлекеттік білім беру тапсырысын бекіту үшін облыстық кәсіпкерлер палатасы, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен жергілікті атқарушы органдарының құрылымдық бөлімшелерінен тиісті ұсыныстар жинақталып, арнайы құрылған комиссияға ұсынылады.