Көп жылғы адал еңбек елеусіз қалмауы керек. Ұзақ жыл сабақ беріп, зейнетке шыққан ұстаздар «Еңбек ері» медалімен марапатталады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты. Ведомствоға ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, марапатқа ие болмаған мұғалімдер туралы өтініштер жиі түседі екен.
Әрқайсымыз үшін ұстаз – өмір жолымызды анықтайтын, жеке тұлға болып қалыптасуға өз үлесін қосатын адам. Ол бүкіл ұрпақты оқытады және тәрбиелейді… Сондықтан Оқу-ағарту министрлігі білім беру саласында 30 жыл және одан да көп жыл жұмыс өтілі бар мұғалімдерді «Еңбек ардагері» медалімен марапаттау туралы шешім қабылдады, — деді Ғани Бейсебаев республикалық Тамыз кеңесінде.
Министр Қазақстанды жиі аралап, қарапайым мұғалімдермен кездесетінін де атап өтті.
Бәрі «70 жастан асқан ұстаздар тіпті министр мен білім басқармасынан бір жапырақ алғыс хат алмай-ақ зейнетке шықты» дейді. Әділдік орнауы керек. Мұғалімнің жұмысын бағалау қажет. 25-30 жыл – үлкен еңбек. Өйткені ұстаз саналы ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеуге арнайды. Сондықтан министр ретінде мен зейнетке шыққан барлық мұғалімді «Еңбек ардагері» медальмен марапаттауды өз міндетім деп санаймын.
Қазір тапсырма берілді. Біз зейнет жасындағы және зейнетке шыққан мұғалімдерге алғыс айтуымыз керек. Олар медальмен марапатталады», — деді ведомство басшысы.
Оның айутынша, алдағы уақытта бұл жұмыс автоматты түрде жүргізіледі, яғни зейнетке шыққан кез келген мұғалім бірден марапатқа ие болады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары Түркістан облысында 63 мектептің (жобалық қуаттылығы – 57300 орын) құрылысын салу жоспарланған. Оның ішінде, 300 орындық 11 мектеп, 600 орындық 16 мектеп, 900 орындық 17 мектеп, 1200 орындық 8 мектеп, 1500 орындық 5 мектеп, 2000 орындық 6 мектеп салынбақ. Ал 2024 жылы жалпы 29 мектептің, 2025 жылы 34 мектептің құрылысын аяқтау межеленген. Білім нысандарының құрылысы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ бірыңғай операторы арқылы жүзеге асырылады.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы туралы алдымен Мемлекет басшысының Жолдауында айтылды. «…Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» делінген Жолдауда.
Президенттің төрағалығымен өткен Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңесте қаралған «Жайлы мектеп» жалпыұлттық жобасын іске асыру мәселесі бойынша Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды салаға жауапты басшылардың басын қосып, нақты тапсырмалар берген. Жаңа үлгідегі мектептер салу үшін жер телімдерін бөлу, инженерлік жүйелерін жүргізу, педагогтермен қамту және уақытында құрылысын аяқтау сынды тапсырмалар міндеттелді. Осы арқылы үш ауысымды, апатты, ескірген мектептер санын жою жоспарға қойылған. Сондай-ақ, аталған нысандарға қажетті жерді, инфрақұрылымды, газ, электр, су мәселелерін жедел шешіп, құрылысқа дайындықты бастау жөнінде тапсырма берген болатын.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғанын айтты.