Тоғызқұмалақ – қазақ халқының ұлттық ойынының бірі. Тоғыз саны ежелгі түркі елдерінде қасиетті сан болып есептеледі. «Тоғыз жолдың торабы», «Тоғыз қабат торқадан, тоқтышақтың терісі артық», «Тоғыз інген боталап, тоғыз інген құлындап» деген сөз тіркестердің бәрінде тоғыз саны көптік мағынаны білдіріп тұр.
Тоғызқұмалақ ойыны – күннен күнге жер шарында танымал және спорт сүйер қауым көлемі артуда. Шардара ауданы С.Ерубаев атындағы жалпы білім беретін мектепте де бұл күрделі, әрі қызықты ойынмен айналысуға мүмкіндік берілген.
Жақында білім ошағындағы «Тоғызқұмалақ» үйірме жетекшісі Адбрасилов Дидардың ұйымдастыруымен оқушыларға күзгі демалыста 5-6 сынып аралығында тоғызқұмалақтан жарыс өтті.Оқушылардың тоғызқұмалақтан өткен жарыста ұлдар мен қыздар арасында,осы оқушылар жоғары деңгейде ойын көрсеткен оқушылар марапатталды. Атап айқтанда ұлдардан: 1 орын Аманқұл Біржан 6 сынып, 2 орын Мұрат Нұрислам 5 сынып, 3 орын Қойшыбай Мирас 5 сынып. Ал қыздардан: 1 орын Дастан Айша, 2 орын Абдиназар Каусар, 3 орын Беркін Айаруға бұйырды.
Мектептегі «Тоғызқұмалақ» үйірмесінің мақсаты: ұлттық өнерімізді әрі қарай дамыту, насихаттау; өсіп келе жатқан жасөспірімдерге үйрену, өз бетімен айналысуға баулу; балаларды логикалық ойлауға, математикалық ықшам сақтау әдістеріне үйрету; ойынға деген қызығушылықтарын арттыру арқылы қатысушылардың санымен, сапасын өсіру. Міндеті: өзінің даярлығын арттыру және спорттық шеберлігін жетілдіру; спорттық бұқаралық бағытта өткізілетін шараларға белсене қатысу; мұғалімнің нұсқау кеңестерін пайдалана отырып, жаттығуларды өз беттерімен орындау; тоғызқұмалақ ойынының теориялық білімінің талаптарын білу және тәжірибе жүзінде қолдану.
Тоғызқұмалақ – қазақ халқының әлемдік мәдени мұраға қосқан үлесінің жарқын үлгісі. Бүгінде Оқу-ағарту, Мәдениет және спорт министрліктері федерация қолдауымен барлық дене шынықтыру мұғалімдеріне тоғызқұмалақ үйретіліп, мектеп бағдарламасына енгізуге дайындық жүруде. Оған дейін барлық ЖОО-да жаттықтырушылар дайындайтын бағдарламаға да тоғызқұмалақ енгізілді. Отандық IT мамандарымыз «Android» пен «iOS» жүйелері үшін арнайы қосымшалар әзірледі.
Әлемде зияткерлік ойындарды көп ойнайтын екі веб-сайт бар, олар – канадалық iggamecenter.com және польшалық playok.com. Онда да тоғызқұмалақ ең көп ойналатын ойындар қатарына енген.
2006 жылдан бастап тоғызқұмалақ әлемдік зияткерлік ойындар олимпиадасы бағдарламасына енген. Ал 2008 жылы Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерация құрылған. Бүгінгі күнде тоғызқұмалақтан 6 әлем чемпионаты, 5 Азия чемпионаты және 4 Еуропа чемпионаты өткізілген.
2020 жылы тоғызқұмалақ ойыны ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мұрасы қатарына енгізілді. Қазір Қазақстанда 200 мыңнан астам адам 3000 жаттықтырушылардың көмегімен тоғызқұмалақпен айналысады. Тоғызқұмалақпен 30-дан астам елде (Колумбия, Германия, Франция, Ұлыбритания, Чехия, Латвия, Литва, Бангладеш және т.б.) адамдар тұрақты түрде шұғылданады екен.