Келес ауданында аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен мұғалімдер мен оқушылардың арасында жоспарға сәйкес аудандық бірнеше байқау өтті. білім бөлімінің әдіскері Ляззат Пернеғалиқызының айтуынша, ауданда өткен мұғалімдер мен оқушылардың аудандық іріктеуінен өткен мұғалімдер мен оқушылар облыстық байқауға жолдама алатын болады.
Жалпы аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен жуырда жалпы білім беретін мектептердің бастауыш сынып мұғалімдері арасында математика пәнінен «Алтын тұғыр» олимпиадасының аудандық кезеңі өтті.
— Олимпиада мақсаты – бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби қызметінде жоғары нәтижелерге жетуге ұмытылысын жетілдіру, мұғалімдердің шығармашылық әлеуеті мен педагогикалық шеберлігін дамыту, мұғалім мамандығының мәртебесін арттыру. Сонымен қатар, мұғалімдердің кәсіби дағдыларын жетілдіру, шығармашылықпен айналысатын мұғалімдерді анықтау, қолдау, ынталандыру және жоғары деңгейдегі олимпиадаларға дайындық жолдарын үйретіп, бағыт беру, — дейді Ляззат Пернеғалиқызы.
Оның айтуынша, олимпиаданың аудандық кезеңіне 50-ден аса мектептен мұғалімі қатысып бақ сынасқан. Екі бөлімнен тұратын сайыс барысында 100 ұпай жинаған мұғалім облыстық кезеңге өткізілген.
Сондай-ақ аудандық білім мекемелерінде Lesson study әдіс-тәсілі бойынша семинар өтті. Онда аудандық әдістемелік кабинет меңгерушісі Гүлназ Ерғалиқызы халықаралық тәжірибе алмасу маңыздылығын талқылады.
Гүлназ Ерғалиқызы Түркістан облысының делегациясы құрамында Жапония еліне іссапарға барып, тәжірибе алмасып қайтқан еді. Әдістемелік кабинет меңгерушісі іссапар барысында Уаседа университетінің профессоры Юмико Оно жұмыс тобын алдымен жапон мектептеріндегі оқыту әдістемесімен таныстырғанын, жапон білім беру сарапшыларының шебер сыныптарына қатысып, мектептерде сабақты зерттеуді бақылау және зерттеу процесімен танысқанын айтты.
Сонымен қатар мектептегі басқару, оқушылардың патриоттық санасын қалыптастыру, тіпті шаруашылық сұрақтарына да жауап алғандығын атап өтті. Іссапар қорытындысы бойынша алдағы уақытта ауданымызда Lesson study әдіс-тәсілі бойынша жұмыстар жандандырылмақ. Өйткені, Жапонияда осы әдіс-тәсіл білім сапасын артуда маңызды фактор болып табылады
Ал аудандық деңгейде өткен «Махамбет оқулары» байқауында аудандағы 30 мектептен оқушы қатысып, ақын шығармаларының желісімен иллюстрациялық суреттер салды. Сонымен қатар батыр жырларын жатқа оқып, ақындық қабілеттерін шыңдап, күмбірлете күй шертті.
— Аталған конкурс жоғары сынып оқушылары арасында жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Аудандық байқау жеңімпаздары облыстық кезеңге жолдама жеңіп алды. Махамбет мұрасы – егемен еліміздің өшпес рухы сияқты жастарға қашан да шамшырақ болары сөзсіз. Сондықтан байқаудың маңызы зор деп ойлаймыз. Жыл сайын қатысушылар саны да артып келеді, — дейді байқау ұйымдастырушысы білім бөлімінің әдіскері Ляззат Пернеғалиқызы.
Сонымен қатар №7 жалпы орта мектеп базасында 2-7-сынып оқушыларының «Зерде» зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар конкурсының аудандық кезеңі өтті. Ол конкурстың мақсаты – балалардың зерттеу қызметінің дағдыларын дамыту, кіші және орта жастағы мектеп оқушыларының интеллектуалдық-шығармашылық әлеуетін ынталандыру. «Жоба жұмыстары 13 секция бойынша қабылданды. Конкурсқа ауданымыздың білім беру ұйымдарынан 100-ден аса жоба жұмысы түсті. Жоба жұмыстары жұмыстың рәсімделуі, шығармашылық тәсілдеме, ғылыми ойлауы, тақырыптың ашылу дәрежесі, практикалық бөлім, автордың өзіндік үлесі талаптары бойынша сараланды. Қазылар алқасының шешіміне сәйкес аудандық кезең жеңімпаздары облыстық кезеңге жіберілді» дейді Ляззат Пернеғалиқызы.