Келес ауданына қарасты №25 С.Сейфуллин атындағы жалпы білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы Ералхан Қазына Алтынбекқызы 3 жылдан бері жүзімнің бірнеше сорттарын жасыл қалемшелеу әдісімен өсіріп келеді.
Жасыл қалемшелеу – өсімдіктерді вегетативті жолмен көбейту тәсілдерінің бірі. Жасыл қалемшелер регенерация процессі барысында қалемше сабағынан қосалқы тамырларды, ал бүршіктерінің дамуы нәтижесінде өркендердің пайда болуын қамтамасыз етеді. Өсімдіктерді жасыл қалемшелеу әдісімен көбейту арқылы құнды шаруашылық қасиеттері бар генетикалық біртекті отырғызу материалын алуға болады.
Жас ғалым осы тақырыпта ғылыми жұмыс та жазды. Ғылыми жұмыстың өзектілігі «Корневин» өсу препаратын қолдану арқылы қалемшелердің тамырлану деңгейі жоғары, өсуі және жеміс беру мерзімі ерте болғанын зерттеу.
– Жалпы өсімдіктердің өсуін тездету үшін жасыл қалемшелеу әдісін қолдансақ нәтижелі болмақ. Келешекте жүзім сорттарын микроқалемшелеу, бүршікті көктету, зерттеу жұмыстарын жүргізуді ойластырып отырмын. Жүзімнің шамамен мыңдаған түрі кездеседі. Сондықтан бұл бағыттағы зерттеуім қызықты болмақ,-дейді Қазына Алтынбекқызы. Ғылымға құштар қыздың болашақ арманы — биотехнология саласында еңбек ету.
Сонымен қатар, Келес ауданы №11 “Жолбасшы” жалпы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Данабек Айкөркем үй гүлдерін өсірумен айналысады. Арнайы жылыжайда 10-ға жуық үй гүлдерінің түр-түрін баптап отырған дарынды оқушы биология пәні мұғалімінің жетекшілігімен зерттеу де жүргізіп жатыр.
– Гүл өсіру – ертеден келе жатқан шаруашылықтың «әдемі» саласы. Қазіргі таңда шаруашылықтың бұл түрі әлемде қарқынды дамып келе жатыр. Гүл өсіру Голландияда, Германияда, Жапонияда, басқа да бірқатар елде жақсы дамыған. Тараз қаласына жолым түскенде жылыжайда өсіріліп жатқан ботаника бағында гүлдің мыңдаған түрі мен сортына куә болдым. Табиғаттың сәнін келтіретін, әлемге сұлулық сыйлайтын гүлді өсіру оңай емес. Ол өскеннен кейін емес, өскенге дейін де ерекше күтімді қажет етеді. Гүл өсіру үшін оның әдіс-тәсілдерін жетік меңгерген жөн. Қалай өсіру керек, қандай материалдар қажет? Осы сынды түрлі сұраққа өзім тұрып жатқан Келес ауданы Жолбасшы елді мекенінде гүл өсіретін Исмаилов Бахтияр есімді ағамның жылыжай шаруашылығында өз тәжірибемді арттырдым,-дейді еңбекқор қыз.