Егемен еліміздің дамуы мен өсіп-өркендеуінде нәзік жандылардың еселі еңбегі мен қажырлы қайратының үлесі мол. Бүгін «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалында өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысып жүрген әйелдер қауымының активі өтті. Жиынға партия Хатшысы Шолпан Каринова арнайы қатысып, жаңадан құрылған әйелдер қанатының жұмысының негізгі бағыттарына тоқталды.
«Бүгінде әйел қауымының саясатта, мемлекеттік басқаруда, кәсіпкерлікті дамытуда мүмкіндіктері кеңейгенін айта кеткен жөн. Қыз-келіншектер қашан да адами капиталдың дамуына және елдің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатының артуына оң әсер етеді. Біздің негізгі мақсатымыз – әйел мәртебесін көтеру, нәзік жандылардың ғылымдағы, қоғамдағы рөлін айқындау, отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға жәрдемдесу, отбасы құндылықтарын дәріптеу, кәсіпкер әйелдерге қолдау көрсету және басқа да бағыттарды қолға алуды көздейміз, — деді партия Хатшысы.
Жиын барысында «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Бахадыр Нарымбетов әйелдер қауымының қоғамдағы рөлін, олардың әрбір саланы дамыту мен нығайтуға қосқан үлестерін айрықша атап өтті. Инклюзивті мәдениет пен гендерлік теңдік қалыптастыру – «AMANAT» партиясының басымдықтарының бірі екеніне тоқталды. Сондай-ақ, әйелдің қоғамдағы мәртебесін көтеруде партия жанынан құрылған әйелдер қанатының маңызы зор екенін де тілге тиек етті. Ал филиал Атқарушы хатшысы Жанар Бектаева жиынға қатысушыларға жобаның мән-маңызын түсіндіріп, бірлесіп жұмыс атқаруға шақырды.
«Отбасынан басталатын құндылықтан бері қарай жалғасатын мемлекет мүддесінде де қыз-келіншектердің рөлі ерекше. Қазіргі таңда әйелдер қауымы тұрмысымыздың барлық саласында табысты қызмет атқарып келеді. Шымкент қаласындағы отыз мыңға жуық партия мүшесінің 68,6 пайызға жуығын нәзікжандылар құрап отыр. Біз әрбір әйелдің еңбегі мен арманына құрметпен қарап, бастамаларын қолдауға әзірміз. Ортақ мақсатқа бірге қадам жасайтынымызға сенімдімін», — деді Жанар Бектаева.
М.Әуезов атындағы Оңтүістік Қазақстан университеті Басқарма Төрағасы, фракция мүшесі Дария Қожамжарова білім мен ғылымдағы әйел рөліне назар аударып, көптеген деректер келтірді.
«Соңғы 15 жылда дүние жүзі бойынша нәзікжандыларды ғылымға көбірек тарту бойынша көптеген істер атқарылуда. Ресми мәліметтерге сүйенер болсақ, әлем бойынша ғалым әйелдердің үлес салмағы 30 пайызды құрайды. Қазақстанда соңғы уақытта ғалым әйелдердің қатары көбейіп келеді», — деді Д.Қожамжарова.
Сонымен қатар, партия жанындағы аймақтық экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау кеңесінің мүшесі, қалалық «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова, қалалық «Іскер әйелдер» қауымдастығының құрылтайшысы, қала әкімдігінің жанындағы отбасылық-демографиялық саясат Әйелдер істері жөніндегі комиссиясының мүшесі Жанетта Жазықбаева және партия мүшесі Балмаржан Нарбекова сөз алып, өз ойларын ортаға салды.
Өңірдегі саясат, білім, денсаулық, мәдениет, кәсіпкерлік, үкіметтік емес ұйымдар және т.б салаларды табысты қызмет етіп келе жатқан әйелдер, көпбалалы аналар қауымымен өткен басқосу еркін пікір-алмасуға ұласып, түрлі ұсыныс-тілектер айтылды.