Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлер әскери институтының ақпаратты-түсіндіру жұмыс тобы еліміздің түкпір-түкпіріндегі мектеп оқушыларымен кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізуде. Басты мақсат – жастарды жоғары әскери оқу орнындарында білім алуға шақыру және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштер қатарында қызмет өткеру ерекшеліктерімен таныстыру.
Осы мақсатта Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының бастығы полковник Бауыржан Ибатулин бастаған ақпаратты-түсіндіру тобы Шымкент қаласындағы Кеңес Одағының батыры генерал Сабыр Рахымов атындағы Шымкент республикалық «Жас ұлан» мектебінде іс-сапарда болып қайтты.
Әскери ЖОО өкілдері оқушыларға бейнематериалдар мен ақпараттық буклеттер көрсете отырып, әскери институтқа түсу жолдарын түсіндірді. Жасөспірімдер бейне материалдар арқылы әскери оқу ордасының тарихымен танысты және болашақ офицерлердің тыныс-тіршілігінен хабардар болды.
Кездесу барысында әскери институт бастығы полковник Бауыржан Ибатулин «Жас ұлан» мектебі тәрбиеленушілерінің сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, Құрлық әскерлері әскери институтының басқа ЖОО-ның оқу орындары алдындағы артықшылықтарымен, оқу-әдістемелік және материалдық-техникалық базасымен, курсанттардың жетістіктерімен, институттың ғылыми қызметімен және халықаралық ынтымақтастығымен егжей-тегжейлі таныстырды. Оқыту мемлекет есебінен жүргізілетінін түсіндірді, курсанттар тегін тамақпен және киім-кешекпен қамтамасыз етіледі және казармалық жағдайда оқитындары жайлы айтып өтті.
Сонымен қатар, үгіт-насихат жұмыстары барысында офицерлер дайындайтын оқу орнынан келген қонақтар Кеңес Одағының Батыры генерал Сабыр Рахымов атындағы Шымкент республикалық «Жас ұлан» мектебінің оқу-материалдық базасымен танысты, казармаларды аралады.
Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институты азат еліміздің құрыш қуатына айналған айбынды әскердің абыройын арқалаған бірегей білім ошағы болып табылады.
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының тарихы 1970 жылы құрылған И.С.Конев атындағы Алматы жоғарғы жалпы әскери командалық училищесінен бастау алады.
2020 жылдың 11 қыркүйектегі Үкімет қаулысымен Құрлық әскерлері әскери институтына Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов аты берілді.
Құрлық әскерлерінің жоғары мамандандырылған офицерлерін дайындау институттың бас міндеті болып табылады. Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институты Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің Қарулы Күштері үшін әскери кадрларды бірлесе даярлайтын оқу орындарының тізбесіне енгізілген. Бүгінде инститтутта Тәжікістан, Қырғызстан елдерінің курсанттары кәсіби білім алуда.
Қазақстан армиясы үшін сардарларды даярлайтын негізігі ұстаханаға айналған осынау білім ошағы әрдайым алдыңғы шепте.
Институтта болашақ офицерлерге оқу және сапалы жоғары білім алу үшін қажетті барлық жағдайлар жасалған.
Институт замануи оқу-материалдық базамен, техникалық оқу құралдарымен қамтамасыз етілген. Институттың лекциялық аудиториялары, кабинеттері және класстары ғылым мен техниканың заманауи даму деңгейінде әскери мамандарды дайындауға керектінің барлығымен және интернетпен жабдықталған. Оқу үдірісінде оқытудың заманауи техникалық құралдары компьютерлік және есептеу аппараттарын пайдаланумен кеңінен қолданылады.
Болашақ офицерлер институтта 4 жыл оқиды. Осы 4 жыл оқу уақытында курсанттар тегін білім алады, күніне 3 уақыт тегін тамақтанады, шәкірт ақымен, тегін киім-кешекпен және тегін медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі. Курсанттар жылына 2 рет – қыста 14 күнге, жазда бір айға демалысқа шығады.