Бүгіннен бастап «AMANAT»-тың отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша «111 байланыс орталығы» «AMANAT» партиясынан Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне берілді. Тиісті меморандумға ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева, «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қол қойды.
Дәулет Кәрібек атап өткендей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бірыңғай сенім телефонын ұйымдастыру және зорлық-зомбылыққа, қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу міндетін қойды.
Бұл ретте, 2020 жылдың қыркүйегінен бері аясында «AMANAT» партиясы жанындағы «Бақытты отбасы» жобасы аясында балалардың құқықтары бұзылған және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары бойынша «111 шұғыл қызмет» желісі жұмыс істеп келді. Президент тапсырмасын орындау мақсатында бүгіннен бастап қазақстандықтар тәулік бойы тегін жұмыс істейтін «AMANAT»-тың отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі 111 байланыс орталығы» ұлттық желісіне жүгіне алады.
«Үш жылда шұғыл қызмет мамандары 50 мыңға жуық отбасына көмек көрсетті. Орталыққа шалынатын әр қоңыраудың артында әрбір адамның тағдыры мен аманаты жатыр. Бұл жерде секундтардың өзі қымбат. Көмекке зәру әр адам бізге өз өмірін аманаттап отыр. Ана мен балаға лайықты қамқорлық көрсету – саяси тұғырнамамыздағы негізгі басымдықтың бірі. Бұл меморандум балалардың құқығын қорғау жұмысын жүйелеп, күшейтіп қана қоймай, оны мемлекеттік деңгейге көтереді», – деді Дәулет Кәрібек.