Кез келген ел экономикасының негізін шағын және орта кәсіп құрайды. Осы кәсіпкерліктің дамуында мемлекеттік қолдаудан бөлек өз мүддең мен құқығыңды қорғай білу де маңызды. Міне, осы тұста іскерлік қауымдастыққа кәсіпкерлер палатасы көмекке келеді.
Биыл «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылғанына 10 жыл толып отыр. Сол уақытта Оңтүстік Қазақстан облыстық өңірлік кәсіпкерлер палатасы құрылып, 2018 жылы Шымкент қаласы Президент жарлығымен республикалың деңгейдегі қала атанды. Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы 2018 жылдың 16 қазанында құрылып, белсенді жұмыс істеп келеді.
Бес жылдың ішінде бизнестің құқығын қорғау бойынша 1200-ден астам өтінім түсіп, оның ішінде 610 шағым шешімін тапты, жалпы сомасы 5,2 млрд теңгеден астам кәсіпкерлердің құқығы қорғалды. 245 шағын және орта бизнес өкіліне қатысты көтерілген әкімшілік іс және заңсыз әкімшілік айыппұл салу тоқтатылды, ARTSPORT бағдарламасы бойынша жан басына шаққанда қаржыландыру мәселесі шешіліп, 176 бизнес субъекті алдындағы 392,9 млн теңге берешек төленді.
Өңірлік палата тарапынан шешілген сұрақтардың арасында салық мәселелері де бар. Атап айтқанда, кәсіпкерлер көлік тұрағын салуға алған учаскелердің базалық салық мөлшері қайта қаралып, ауыл шаруашылығы жерлеріне базалық салық мөлшерлемесі екі есе азайтылды. 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен 20 бизнес субъектінің 106 млн теңге шығынын өтеу процедураларына сүйемелдеу жасалды, 8 жолаушы тасымалдаушы компанияға әлеуметтік маңызды бағыттар бойынша шығындарына 10,8 млрд теңге субсидия төленді, «Оңтүстік» АЭА қатысушыларының бағам айырмасы мен субсидияға қатысты салық салу жөніндегі мәселелері шешілді.
Сонымен қатар, мыңдаған кәсіпкердің құқығы қорғалды. Атап айтқанда «ҚазТрансгазАймақ» АҚ ШФ тарапынан тауарлы газды бөлшектеп сату келісімшартына қосымша газ жеткізуді мәжбүрлеп тоқтатуды жүзеге асыру мен өнеркәсіптік тұтынушылар берген газ көлемін ай сайын өзгертіп тұруды тоқтату бойынша жасалған шарттың алды алынды. Бұл мәселе 4 мыңнан астам бизнес-субъектісін қамтыған болатын. Салық органдарының шетелдік тұлғалардың қатысы бар заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеуге алмау туралы талаптары кері қайтарылды.
Жалпы, Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің мәліметінше, кәсіпкерлер жиі шағымданатын салалардың арасында жер қатынастары, салық мәселелері көп кездеседі. Сонымен қоса көлік және логистика, мемлекеттік сатып алу саласындағы сұрақтар да өзекті.
Түскен шағымдардың барлығы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметімен бірге шұғыл түрде немесе тиісті хаттар жіберу жолымен қаралады. Антикор басшылығы мен кәсіпкерлер арасындағы кездесулер тұрақты түрде өтіп тұрады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметімен бірге апта сайын бизнес нысандарын аралау және түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қоса, Палата тарапынан түрлі тақырыптағы жадынама шығаруға және оны бизнес өкілдері арасында таратуға қолдау көрсетілді.
Осы бес жылдың ішінде Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет кеңесінде кәсіпкерлердің күрделі мәселелерді шешуге қатысты 50-ден астам отырыс өтіп, онда 86 ауқымды мәселе қаралды, солардың ішінен кәсіпкерлерге қатысты 58 мәселе шешілді, бұл жалпы шағымның 67,4 пайызын құрайды. Әсіресе, құрылыс және жер қатынастары, сатып алу, логистика мен тасымалдау, ауыл шаруашылығы, салық және кедендік әкімшілендіру мәселелері өзекті болып тұр.
Жиындарда негізінен кәсіпкерлер тарапынан жер қатынастары, мектеп оқушыларын тамақпен қамтамасыз ету, мемлекеттік мүлік туралы заңның талаптары бұзу мен әкімшілік кедергілер, кәсіпкерлікке заңсыз араласу, жол құрылыстары кезіндегі кедергілер, салықтық әкімшілендіру кезінде бизнес субъектілерінің құқығын бұзу, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру кезіндегі әкімшілік кедергілер, мемлекеттік сатып алу, құрылыс, көлік, логистика және т.б. мәселелер көтеріледі.
Палата кәсіпкерлердің мәселесін шешуде жүйелі көмек көрсетуге бағытталған проблемалар реестріне өңірлік бизнес өкілдерінің 86 күрделі мәселесін жіберіп, оның 90 пайызы шешілді. «Бизнеске жол» жобасын жүзеге асыру аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметімен бірге жыл басынан бері Палатаға бизнес өкілдерінен түскен 12 шағым қарастырылды. Оның ішінде 9 шағым кәсіпкердің пайдасына шешіліп отыр. Негізінен бұл шағымдар салық органдарына, мемлекеттік сатып алулар мен жер учаскелерін бөлуге қатысты.