Босанғаннан кейінгі септикалық аурулар акушериядағы жиі кездесетін асқыну. Тіпті ана өліміне, мүгедектікке немесе созылмалы ауруларға әкелетін, күрделі мәселелердің бірі. Инфекция қоздырғыштары әйел ағзасына босану жолдары немесе жатыр арқылы еніп таралған жағдайда септикалық аурулардың дамуы жоғары болады.
2023 жылдың басынан Түркістан облысында босанудан кейінгі септикалық аурулардың 2 жағдайы тіркелді. Әйел босанғаннан кейін әлсізденіп, иммунитеті төмендейді. Әртүрлі инфекцияға сезімтал келеді. Босанудан кейінгі септикалық аурулардың клиникалык ағымы, ауырлығы, аурудың болжамы әртүрлі болады. Бірақ клиникалық ерекшеліктеріне қарамастан босанудан кейінгі аурулардың барлық түрлерінде байқалатын бірнеше жалпы белгілері бар, олар:
- Дене температурасының жоғарылауы.
- Қалтырау. Көбінесе септицемияда және септикопиемияда болады. Қалтыраудың қайталауы ағзада жаңа инфекция ошағынының пайда болғанын көрсетеді.
- Тамыр соғысының жиілеуі.
- Орталык жүйке жүйесіндегі өзгерістер. Босанудан кейінгі ойық жарада, эндометритте әлсіздену, бастың шамалы ауыруы, ауыр түрлерінде жалпы жағдайдың нашарлауы, бастың ауыруы, ұйқының қашуы, сандырақтау.
- Босанудан кейінгі септикалык аурулардың ауыр түрлерінде жүрек-қан тамыр, ас қорыту және зәр шығару жүйелері бұзылады.
- Септикалық аурулардың ауыр түрлерінде салмақтың азаюы, тері бозғылт, сүр, сарғыш түсті болады және қызғылт бөртпелер пайда болуы мүмкін.
- Қанда болатын өзгерістер: эритроциттердің және гемоглобиннің мөлшері төмендейді, ЭТЖ, лейкоцитоз жоғарылайды, өте ауыр жағдайда лейкопения байқалады.
Қоздырғыштары: алтын түсті стафилококк, гемолитикалық стрептококк, сирек жағдайда ішек таяқшалары, көк іріңді таяқшалар, гонококтар, спорасыз анаэробтар және микроб ассоциациясы.
Жалпы септикалық ауруларда қоздырғыштар қанда болады, оны анықтау үшін екпеге сынама алынуы керек.
Босанудан қейінгі сепгикалық аурулардың алдын алу жолдары:
Әйелдерге кеңес беру мекемесінде босануға дейін сүт бездеріне лайықты күтім жүргізуді үйрету, ана сүтімен емізуге кеңес бере отырып, сүт бездері ұшының тілінуінің алдын алу. Созылмалы инфекция ошақтарын тазалау. Асептика, антисептика тәртібін сақтау, инфекция белгілері бар әйелдерді обсервация бөліміне оқшаулау және емдеу.
Н.Нышанов
Түркістан облысының СЭБД басшысы