Қала әкімі Мұрат Әйтенов мердігер мекеме басшыларына сапалы жұмыс істеуді тапсырды. Шымкент қаласы Қаратау ауданына қарасты Таскен шағын ауданындағы көшелерге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Байсал, Қызан, Сандуғаш, Айнабекұлы, Кемел, Қырмызы және №1, №2, №3 аты жоқ көшелердің жалпы ұзындығы 4,6 шақырымды құрайды. Қала әкімі Мұрат Әйтенов аты аталған көшелердің құрылыс басында болып, жұмыстың жай-күйімен танысты. Мұрат Дүйсенбекұлы мердігер мекеме басшыларына стандарттық ережеге сай сапалы жұмыс істеуді тапсырды.
Айта кетейік, Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес жалпы жыл соңына дейін Таскен шағын ауданында 7,9 шақырымды құрайтын 16 көше орташа жөндеуден өтеді. Биыл жалпы қаламыздағы жол жабындысы жағдайын жақсарту мақсатында шаһар аумағында 243 нысан, яғни 297 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жалпы қаламыздың жол инфрақұрылымын дамытып, сапасын жақсарту мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітілген. Атқарылып жатқан жұмыстар жоғарыда аталған іс-шара аясында іске асырылуда.
Жол құрылыс жұмыстарының нәтижесінде жолдың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы жыл соңында 71,2 пайызға дейін жеткізу жоспарланған. Бас жоспарға сәйкес, қала орталығынан шалғай орналасқан шағын аудандар мен тұрғын алаптардың ішкі орам көшелеріне басымдылық берілуде. Сонымен қатар, Шымкент қаласында 350 шақырым көшенің жол таңбалары жаңартылып, сызылды. Қалада қауіпсіз жол қозғалысын ұйымдастыру мақсатында көшелерде жол таңбаларын жаңарту, бағдаршам, жол белгілері мен жасанды жол кедергілерін орнату, жаяу жүргіншілер өткелдері мен оң жақ өткелдер салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жыл басынан бері белгіленген аумақтарға 1079 жол белгісі орнатылып, 220-сы жаңаланды, қажеттілігі бар аумақтарға 10 бағдаршам қойылды. Жыл соңына дейін тағы 4 мың дана жол белгісін орнату жоспарлануда. Ал, қайта құру және құрылыс жұмыстарына тоқталар болсақ, елеулі нысандардың бірі – А-2 айналма жолы. Оның жалпы ұзындығы 31 шақырымды құрайды және қайта құру жұмыстары 8 кезең бойынша жүргізіліп жатыр. Бұған дейін Бадам өзенінің үстінен өтетін көпір мен құрылыстың 1-ші және 3-ші кезеңдері аяқталған. Биыл 2-ші және 4-ші кезеңді толығымен аяқтау жоспарланып отыр.