Батыс Қазақстан облысында 10 қарашадан бастап жаңа шектеу шаралары енгізіледі — БҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми сайтында облыстың санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы жарияланды.
Құжат 10 қараша мен 23 қараша аралығында жарамды болмақ. Алайда, шектеу шараларының мерзімдері аймақтағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты ұзартылуы мүмкін екендігі атап өтілген. Облыстық санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, демалыс күндері эпидемияға қарсы шаралар қолдану мақсатында Орал қаласының периметрі бойынша және БҚО аудандарында санитарлық посттар орнатылады. Төтенше жағдайлар қызметкерлерін қоспағанда, облыс тұрғындарына түнгі 11-ден таңғы 6-ға дейін көшеге шығуға тыйым салынады. Посттар арқылы кедергісіз өтуге келесі санаттағы азаматтарға ғана рұқсат етіледі: — халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету ұйымдарының қызметкерлері;- медициналық көрсеткіштер бойынша кіретін және шығатын адамдар;- карантинді стационарларда емделушілер мен бақыланушылар;- жүк тасымалдаушылар мен транзиттік жолаушылар;- ауысым (вахта) жұмысшыларын тасымалдайтын көлік құралдары;
— күзгі дала жұмыстарына, табиғатты қорғау, ветеринарлық, ауылшаруашылық жұмыстарына, жолдарды жөндеуге, авариялық-құтқару қызметіне, аса қажет тауарларды, азық-түлік өнімдерін, дәрі-дәрмектерді, қатты, сұйық жанар-жағар май материалдарын жеткізушілермен, сондай-ақ барлық жүк тасымалымен айналысатын адамдар, облыстың шаруашылық өмірін қамтамасыз ететін жабдықтармен және материалдармен айналысатындар, растайтын құжаттарды (мемлекеттік тіркеу туралы куәлік, қызметкерлер үшін — жұмыс орнынан мөрмен расталған еркін үлгідегі анықтама) көрсеткен кезде;- тұрақты тұрғылықты жеріне оралатын адамдар және облыс тұрғындары (бір отбасы мүшелері) саяжай үйлеріне (саяжайларға, омартаға, қыстаққа) бару үшін құқық белгілейтін құжаттарды көрсеткен кезде; — жақын туысқаны (әкесі, анасы, ағасы, апасы, балалары) қайтыс болған тұрғындарға; — тұрғылықты жерінен жұмыс орнына және кері қайту кезінде жұмыс берушінің мөрмен расталған еркін үлгідегі анықтамасы болған кезде.
Ерекше жағдайларда осы қаулыда көрсетілген санаттарды қоспағанда адамдардың жекелеген санаттарына аудандар мен қалалардың санитарлық бекеттері арқылы шығуға және кіруге рұқсат ауданның / қаланың жергілікті атқарушы органының шешімі бойынша берілуі мүмкін. Одан бөлек, Халыққа қызмет көрсету орталықтары, соның ішінде арнайы ХҚКО жұмыс күндері (дүйсенбі-жұма) сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін, сенбі күндері сағат 9.00-ден 14.00-ге дейін жұмыс уақытына көшеді. Карантин шараларын қамтамасыз ету үшін ХҚКО-ға және арнайы ХҚКО-ға бару Egov.kz, телеграмм-бот EgovKZBot 2.0 арқылы алдын ала жазылу бойынша жүзеге асырылады. Құжаттың толық мәтінімен келесі сілтеме бойынша таныса аласыз. Еске салсақ, бұған дейін біз Мамин қызыл аймақта орналасқан ШҚО әкіміне тапсырма бергенін жазған едік.