«Жайлы мектептің» айырмашылығына тоқталып өтсек. Біріншіден, мектептер ауылда да, қалада да жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектепте бөлек блоктарда оқиды. Әр блокта оқу кабинеттері, дәретханалар, спорт залдар болады. Балалар үшін бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да күшейтілген қауіпсіздік шараларын орнату көзделіп отыр. Оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар, сондай-ақ кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайлар қарастырылған. Мектептер физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталады. Кабинеттерге touch-экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларға тиісті жағдайлар жасалады. Сондай-ақ, спорт залдар мәселесі шешіледі. Қазір 1200 орындық мектептерде тек бір ғана спорт зал бар. Ал таңғы сағат 8-ден кешке дейін денешынықтыру сабағы бір уақытта бірнеше сыныпқа өткізіледі. Жайлы мектептерде жобалық қуатына қарай бірнеше спорт залдар болады. Сондай-ақ мұғалімдерге де жағдайлар жасалады.
Екіншіден, құрылыс толығымен қаржыландырылған. Егер бұрын мектеп құрылысын қаржыландыруға облыстық және аудандық бюджеттерден қаражат тапшылығына байланысты мектептер жеткілікті көлемде салынбай, ұзақ мерзімді құрылыстар проблемасы туындаса, ал қазір мақсатты қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді. Үшіншіден, мектептер нысандар құрылысын бақылайтын дирекцияның үйлестіруі арқылы салынады. Бұл шешім сатып алу рәсімдерінің мерзімін жеделдетуге және құрылыс сапасын қамтамасыз етуге бағытталған. Төртіншіден, ішкі ғана емес, сыртқы инфрақұрылым да қарастырылған. Мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы, автобус бағыттарын алдын ала іске қосу, аялдамаларды дайындау, мектепке апаратын жолдарға жарық беру мәселелері де қатар шешілуі керек.
Бесіншіден, жайлы мектептер салуда ашықтық барынша сақталуға тиіс. Еліміздің кез келген азаматы интерактивті карта арқылы мектептердің қай жерде және қашан салынатынын бақылап, IP-камера арқылы құрылыс барысын онлайн қадағалай алады. Мектептерді салу, оларды қаржыландыру, күтіп ұстау, кадрларды іріктеу мәселелері заңнамалық тұрғыда әкімдіктердің құзырында болғандықтан, бұл ұлттық жоба әкімдердің дербес жауапкершілігін бекітуді көздейді, яғни «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру 842 мың жаңа жайлы орын құруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге өңірлер, қала мен ауыл арасындағы білім беру инфрақұрылымындағы айырмашылықты теңестіріп, білім сапасына әсер етеді.
Жоғарыда аталған Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысында Мемлекет басшысы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ны мектеп құрылысы бойынша бірыңғай тапсырыс беруші ретінде айқындау туралы Үкіметтің ұсынысын қолдаған болатын. Мектептерді жабдықтауға арналған оқу, корпустық және жұмсақ жиһаздардың алдын ала тізімі анықталып, «Атамекен» ҰКП және ҚР Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының қауымдастығы арқылы отандық тауар өндірушілерді тарту бойынша келіссөздер жүргізілген.
«Жайлы мектептердің» құрылысын үйлестіруші ретінде қордың еншілес ұйымы – Samruk-Kazyna Construction компаниясы таңдалған екен. Тиісінше, жоба аясындағы құрылыс жұмыстарына осы компания жауапты. Дәлірек айтсақ, Samruk-Kazyna Construction құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзім мен талаптарға сәйкес салынуын бақылайды, мердігерлерді таңдаудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді, нысанның сапасы мен уақтылы қолданысқа берілуін қадағалайды.
«Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетовтің айтуынша, компания құрылыстың егжей-тегжейлі жоспарын дайындаған. Білім ордалары негізінен қазіргі уақытта орын тапшылығы қатты сезіліп отырған аймақтарда салынады. Олар – Алматы (63 мектеп), Түркістан (63) және Маңғыстау (24) облыстары, сондай-ақ Шымкент (25), Астана (24) және Алматы (22) қалалары. Бұл ретте 218 мектеп – қалада, 183 мектеп ауылдық жерде бой көтереді. 2023-2024 жылдары – 226 мектеп, 2024-2025 жылдары 175 мектеп салынады деген жоспар бар.
– Ұлттық жоба аясында 2025 жылға дейін елімізде 401 жаңа мектеп салу қарастырылып отыр. Заманға сай салынатын бұл мектептер 842 мың оқушыға шақталған. Осының нәтижесінде, елдегі үш ауысымды оқу үдерісінен құтылуға мүмкіндік бар. Мәселен, Алматы облысында салынатын 63 жаңа мектепте 136 мыңға жуық бала оқитын болады. Ал елордадағы 24 жаңа мектеп 88 мың оқушыны қабылдауға қауқарлы, – деді М.Айманбетов.
Жобаның жалпы бюджеті – 2,6 трлн теңге. Оның 1 трлн 960 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 646,5 млрд теңгесі Ұлттық қордан бөлінеді. Биыл 499,9 млрд теңгені, 2024 жылы – 1 трлн 038,3 млрд теңгені, 2025 жылы 1 трлн 068,2 млрд теңгені игеру жоспарланып отыр. Бұл ретте бөлінген қаржының 2 трлн 36 млрд теңгесі мектептердің құрылысына, ал 243 млрд теңгесі пайдалануға берілген білім ордаларын күтіп ұстауға жұмсалады.
Ұлттық жобаны жүзеге асыру барысында Samruk-Kazyna Construction іс-шаралардың ашықтығы мен қоғамдық бақылауға ерекше көңіл бөлмек. 2023 жылғы 10 ақпанда Samruk-Kazyna Construction-ның https://skcn.qaz.network/ жаңа онлайн платформасында жобалау мен мектепті толықтай салып, жөндеу бойынша кешенді қызмет көрсетушілерді таңдаудың байқау құжаттарын алдын ала талқылау басталды. Кез келген азамат құжаттарды қарап, өз ұсынысы мен ескертуін білдіре алады.
Құрылыс кезінде жалпы жағдайды бақылайтын ақпараттық цифрлы платформа жұмыс істейтін болады. Ақпараттық жүйе алғаш рет осындай ірі ұлттық жобада қолданылмақ. Электронды жүйе құрылыстың барлық кезеңін ашық бақылауға мүмкіндік береді. Жүйенің ерекшелігі – тапсырыс беруші, құрылысшылар, әкімдіктердің бірнеше басқармасы, министрліктер, техникалық бақылау сарапшылары және басқалары бірлесіп жұмыс істеп, бірге тапсырма беріп, оны бақылап, мәселе туындаса сол бойда бюрократиясыз, уақтылы шешіп отырады.
Айтақшы, мердігер компанияларға қойылатын талап та қатаң. Бұл жобаға кеше ашылып, бүгін майлы жіліктің басын ұстап отыратын бір күндік фирмалар қатыса алмайды. Компанияның бірінші санатты лицензия бойынша жұмыс тәжірибесі 10 жылды, екінші санатты лицензия бойынша – 5 жылды, үшінші санатты лицензия бойынша 3 жылды құрауға тиіс. Сонымен қатар соңғы бес жыл ішінде төленген салық сомасы да ескеріледі. Ережелер жергілікті компанияларға жеңілдіктер ұсынатынын да айта кетейік. Яғни мектеп Маңғыстауда салынса, сол өңірдің компанияларына белгілі бір деңгейде жеңілдіктер қарастырылады.
Бұдан бөлек, Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Қаринованың мәліметінше, қазір елімізде 3,7 млн оқушы бар және мектептерінде 240 мың оқушы орны тапшы. Егер жаңа мектептер салынбаса, 2025 жылға қарай аталған тапшылық 1,2 млн орынға жетуі ықтимал. Сондықтан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына артылған жауапкершілік жүгі де салмақты.
– Елімізде пайдалануға берілгеніне 50-70 жылдан асқан 500-ден астам мектеп бар. Әрине, олардың бәрін ауыстыру керек. Сонымен қатар үш ауысымды және апатты жағдайда жұмыс істеп тұрған мектептер бар. Қазір ел бойынша 148 мектеп үш ауысымда бала оқытып жатыр. Бұл бала туу көрсеткішінің артуымен байланысты. Яғни бала туу оң динамиканы көрсетіп отыр. Былтыр ел аумағында 247 мектеп салынып, 135 мың оқушы орны пайда болды, – деді Ш.Қаринова.
Оның айтуынша, соңғы 20 жылда елімізде 1 мыңнан астам мектеп салынған. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында алдағы бірнеше жылда 1,5 млн оқушы орнымен қамтамасыз етуді тапсырды. Жоғарыда айтқанымыздай, оның 842 мыңы «Жайлы мектеп» жобасы аясында шешімін таппақ.
– Жаңадан салынатын «жайлы мектептер» құзыреттілік орталығына айналады деп жоспарлап отырмыз. Өйткені ел бойынша салынатын 401 мектеп аз көрсеткіш емес. Олардың қуаты өте жоғары. «Жайлы мектептердің» директорынан бастап, мұғалімдеріне дейін арнайы тәртіппен қабылданады. Олар тиісті оқудан өтеді. Сондай-ақ берілетін білім сапасын бақылауға қатысты үлкен жұмыс жүргіземіз. Мектеп білімінің мазмұны жасақталған және мұғалім оны бағалайды. Оның ішінде формативтік, суммативтік бағалау түрлері бар. Одан бөлек, мектепішілік бақылау жүргізіледі. «Жайлы мектептерде» сыртқы бағалау жүйесі де енгізіледі. Қазақстанда ұлттық бағалау жүйесі құрылғанын білеміз. Сыртқы бағалау арқылы білім беру деңгейін зерттеп, зерделеп отырамыз. Сонда оқушыға тек мұғалім қойған бағамен ғана емес, сыртқы бағалау арқылы да білім сапасы анықталады, – деді Оқу-ағарту бірінші вице-министрі.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру нәтижесінде, екі жылдан кейін елімізде 100 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылатынын да ұмытпайық.
Айтпақшы, ұлттық жобаның отандық экономикаға деген әсері де айтарлықтай жоғары болмақ. Өйткені мектепке қажетті жиһаздардың 95 пайызын отандық өндірушілер дайындайды. Құрал-жабдықтардың 60 пайызы өзіміздің ішкі нарықтан алынады. Сондай-ақ құрылыс материалдарының 65 пайызы отандық өнімнен тұрады. Демек елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында ұлттық жобаның алар орны айырықша болмақ.