Түркістан облысы, Кентау қаласында «Ризық-Рауаны» фаст-фуд қоғамдық тамақтану орнындағы азаматтардың жаппай тамақтан уланудың дерегі сейсенбі, 27-маусым күні түсе бастады. Содан бергі уақытта ауруханаға түсушілердің саны сағат сайын артып, бүгінгі таңертеңгі мәліметке сәйкес, 92 адам зардап шекті.
Аталған жағдай негізінде 28-маусым күні Кентау қалалық полиция бөлімімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Тергеп-тексеру жұмыстары барысында нысан қазіргі таңда 46 орындық тамақтану орны ретінде ашылып, Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, эпидемиялық мәні болмашы объекті ретінде Кентау қалалық СЭБ Басқармасына 2023 жылдың сәуір айында қызметін бастау туралы хабарлама жіберген.
Бұл аталған тамақтану орнында адамдардың денсаулығы мен өміріне қауіп келтірудің, яғни жаппай тамақтан улану жағдайына осымен 3-ші рет жол беріліп отыр. Бұған дейін 2022 жылдың тамыз айында 8 адам, қазан айында 168 адам уланып қалған болатын. Аталған деректер бойынша Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі тарапынан заң аясында тиісті шаралар қабылданған. Бірінші жағдайда жеке кәсіпкерге 230 АЕК айыппұлдар салынып, құқық бұзушылықты жою туралы ұйғарым берілген.
Екінші жағдайда ҚР Қылмыстық Кодексінің 304-бабы 1-бөлігімен Кентау қалалық полиция бөлімімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қылмыстық істің қаулысы негізінде СЭББ тарапынан жоспардан тыс тексеру тағайындалған. Тексеру нәтижелерінде көптеген кемшіліктер анықталған.
Аталған қылмыстық іс 2022 жылдың 30 желтоқсан күні аяқталып, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулыға сәйкес 29.12.2022 жылы аталған қоғамдық тамақтану орнының иесі күдікті ретінде танылып, оның іс әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы бар, алайда жәбірленушілермен татуласуына байланысты, қылмыстық іс тоқтатылғандығы жөнінде Кентау ҚПБ-нің қаулысы шығарылған.
Осыған байланысты, Кентау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тарапынан қоғамдық тамақтану орнының иесі ЖК Ж.Тажибайұлына әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, іс-құжаттар Кентау қалалық сотына жолданған. Алайда, сот жеке кәсіпкерге қатысты нақты сол факт бойынша тұлғаны күдікті деп тану туралы қаулының болуына байланысты тоқтатылсын деп қаулы шығарған. Осы 3-жағдайда, ҚР Қылмыстық Кодексінің 304-бабы 1-бөлігімен Кентау қалалық полиция бөлімімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Тергеп-тексеру барысында анықталған кемшіліктер:
Нысанда өндірістік бақылау бағдарламасы жоқ, нысан қызметкерлері (аспаздар, аспазшылар мен даяшылар) алдын ала профилактикалық медициналық тексеруден толық өтпеген, жұмыс жасайтын 20 қызметкердің тек 12-де ғана медициналық кітапшалары бар, шикізат пен өнімнің қауіпсіздігін куәландыратын құжаттары толық емес, өнімдерді сақтау кезінде олардың тауарлық көршілестігі сақталмаған, яғни ет өнімдері, құс еті өнімдері, сүт өнімдері, көкөністер мен жемістер, барлығы бір тоңазытқышта араласа сақталған, қызметкерлердің жеке және арнайы киімдерін, жеке заттарын сақтауға арналған орын қарастырылмаған; жұмыртқаны сақтауға, жуып өңдеуге арналған арнайы ыдыс арналмаған, өнімдердің жарамдылық мерзімдері өткен. Зертханалық зерттеуге алынған сынамалар жұмыс үстінде.
Түркістан облысы СЭБД баспасөз қызметі