Әнші Төреғали Төреәлі 20 тәулікке қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды. Бұл туралы Facebook желісіндегі Алматы соттары ресми парақшасында хабарланды деп мәлдімдеді nur.kz
«Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында көлік құралдарына зақым келтіруге әкеп соққан есірткіге мас күйінде көлік құралын басқару фактісі бойынша азамат А.-ға (толық аты-жөні Төреғали Төреәлі Алиханов. – ред.) қатысты әкімшілік іс қаралды (ӘҚКо 608-б., 3-б.). Сот 2023 жылғы 14 маусымда А. есірткіге мас күйінде көлік жүргізіп, патрульдік көлікке шабуыл жасағанын анықтады. Жол-көлік оқиғасы салдарынан автокөліктерге механикалық зақым келген. Сот отырысында құқық бұзушы іс материалдарында баяндалған фактілерді растады және өз ісіне өкініш білдірді», — делінген сот хабарламасында. Сот қаулысы бойынша Төреғали Төреәлі ӘҚКо 608-б., 3-б. көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылған. Сондай-ақ оған 20 тәулік мерзімге қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза қолданылған. Сот шешімі заңды күшіне енбеген.
Автор: Гүлмира Ерубаева