Бүгін Ахмет Ясауи университетінде мектеп бітіруші түлектер үшін «Серпін» бағдарламасы бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі тапсырмасына сәйкес, оқу орындарының көрмесіне еліміздегі 18 университеттің өкілдері қатысты. Шара мақсаты — халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы жастарды кадр жетіспеушілігі байқалған Қазақстанның солтүстік, батыс және шығыс өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру.
Көрмеде Батыс Қазақстан, Қарағанды, Екібастұз, Көкшетау, Атырау және т.б өңірлерден келген жоғары оқу орындарының қызметкерлері өздерінің білім ордаларын таныстырып, талапкерлердің сауалдарына жауап берді.
«Бұл бағдарламаға 2023 жылдан бастап жаңа жүйелер енгізіліп жатыр. Осы уақытқа дейін «Серпін» бағдарламасы бойынша тегін білім алған студенттер оқу бітіргеннен кейін оқыған өңірлерінде үш жыл жұмыс істеуге міндеттелген болса, ендігі уақытта талап өзгеріп еңбек өтеу мерзімін азайтып, екі жыл жұмыс істеу міндеттелді. Сондай-ақ, жас мамандар тек оқыған өңірінде ғана емес, солтүстік, батыс және шығыс өңірлеріне қарасты 11 аймақта жұмыс істеуіне болады. Бүгінде 2023-2024 жылғы оқу жылдарына 3 653 грант бөлініп отыр. «Серпін» бағдарламасына көбінесе Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарының түлектері қызуғушылық танытуда. Айта кететіні, биыл 1 қыркүйектен бастап шәкіртақыны бакалавр студенттеріне 20 пайызға, магистратура студенттеріне 15 пайызға дейін өсіру жоспарлануда»,- деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің бас сарапшысы Әділбек Мансуров.
Еске сала кетсек, білім беру гранттары туралы ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізу мақсатында ағымдағы жылдың 17-20 мамыр аралығында Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарына жұмыс сапары жоспарланған.
Елімізде Оңтүстіктегі жастарды солтүстікте оқытып, көшіруді мақсат еткен «Серпін-2050» бағдарламасы 2014 жылы бастау алды. Талай жас теріскейге барып, білім алды, біразы сонда тұрақтап қалды.
Бұл бағдарлама тек ауыл түлектеріне арналған. Биыл бағдарлама шеңберінде елімізде 2022-2023 оқу жылына 3653 грант бөлінген. Оған Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Жетісу облыстарының түлектері қатыса алады. Ал гранттар Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар, Қарағанды, Қостанай облысы облыстарында орналасқан университеттерге бөлінеді. Гранттар білім, техникалық ғылым, ауыл шаруашылығы мен медицина саласын қамтиды.
Былтыр қыркүйек айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жасаған сапарында: «Биыл «Серпін» бағдарламасы бойынша жастарға арнап 3700-ге жуық грант бөлінді. Оның 800-ден астамын түркістандықтар иеленді» деген болатын. Аталған бағдарлама биыл да жалғасып жатыр. Таяуда Келес ауданының мектеп бітіруші түлектеріне «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасы насихатталды.